Бізге жазылыңыз:

Үкіметте «Бәйтерек» холдингі жаңа құрылымының жобасы қаралды

Үкіметте «Бәйтерек» холдингі жаңа құрылымының жобасы қаралды
Трансформацияның негізгі мақсаты – холдингті инвестиция тартудың басты драйверіне және еліміздің ішкі жалпы өнімін 2029 жылға қарай екі есе арттыруға бағытталған проактивті экономикалық өсу саясатын іске асыратын негізгі құралға айналдыру.

Еліміздің жаңа экономикалық өсу саясаты инвестицияға бағытталған мақсатты көзқарасымен – мемлекеттің нақты қажеттіліктеріне негізделген «жобаға тапсырыс» қағидаты арқылы ерекшеленеді.

Бұл моделді жүзеге асыруда басты рөл «Бәйтерек» холдингіне жүктеледі. Алдағы төрт жылда мемлекет жыл сайын холдингтің капиталын 1 трлн теңгеге арттырып отырады, ал «Бәйтерек» жылына 8 трлн теңгеге дейін сыртқы қарыз қаражаттарын тартып, басым жобаларды қаржыландырады.

Қазіргі басқарушы холдинг ретіндегі құрылым жаңа инвестициялық миссияның ауқымы мен міндеттеріне сай жаңғыртылады.

Негізгі басымдық – инвестицияға шоғырлану, салалық мамандану мен нарықтық талдауды күшейту.

Соңғы 30 жылдағы экономиканың құрылымын талдау нәтижесі ең жоғары қосылған құн металлургия, машина жасау, химия, агроөнеркәсіп және тамақ өнеркәсібінде қалыптасатынын көрсетті.

Бұл салалар стратегиялық бағыттар болып қала береді. Сонымен бірге, сауда, қаржы және құрылыс салалары да жаңа басымдықтар қатарына енгізіледі.

Осы салалар негізінде инвестициялық холдингтің құрамында жеті Investment Board (инвестициялық қызметтер) құрылады. Олар нақты сектордың өсу нүктелеріне айналып, жоғары қосылған құн қалыптастыратын жаңа жобаларды әзірлеу мен іске асыруға қатысады. Сондай-ақ бизнес тарапынан түскен жобалық ұсыныстарды экономикалық өсім міндеттеріне сәйкестігі тұрғысынан сараптайды.«Бәйтеректің» инвестициялық холдинг ретіндегі дамуының негізгі бағыттары:

• Өңірлік кеңею – отандық өндірушілердің позициясын нығайту және өңіраралық сауданы дамыту;

• Шекара маңы кеңеюі – қазақстандық бизнеспен бірлесіп инвестициялық қызметті сыртқы нарықтарға шығару;

• Салалық даму – ұлттық экономиканың табыстылығын арттыру мақсатында холдингтің өкілеттігін кеңейту.

— Инвестициялық жобалардың болашағы – экспортта. Біз ауыл шаруашылығын қолдаудың нақты нәтижесін көріп отырмыз: өнімділіктің артуы мен инвестициялар есебінен шетелдік компаниялар қазақстандық АӨК-тің әлеуетіне қызығушылық танытып, өз технологияларын енгізуде. «Бәйтерек» экспортқа бағытталған кәсіпорындар экожүйесін қалыптастырып, олардың өнім өткізу нарығын кеңейтуіне, қосылған құн тізбегін құруына және сыртқы нарықтарға шығуына ықпал етеді, — деді холдинг басқармасының төрағасы Рустам Қарағойшин.
Ішкі нарықты кең тұтыну тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында, бүгінде көбісі импортқа тәуелді тауарлар бойынша, «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылады.

Бұл бағдарлама шеңберінде мемлекет өзі басым жобалар мен олардың орналасатын өңірлерін айқындап, бизнестен оларды жүзеге асыруды ұсынады.

Бағдарлама ауыл шаруашылығы саласында дайындалған, енді осындай тәсілдер тұрмыстық химия, азық-түлік және басқа да бағыттар үшін енгізілмек.

Сонымен қатар Директорлар кеңесінің құрамы кеңейтіліп, тәуелсіз мүшелер қатарына жетекші халықаралық салалар мен өңірлерден инвестициялық кеңесшілер тартылады. Бұл шешімдердің ашықтығын, тәуекелдерді кешенді бағалауды және жобалардың табысына әсер ететін барлық факторды ескеруді қамтамасыз етеді.

Холдингті трансформациялау жөніндегі рәсімдердің барлығы жыл соңына дейін аяқталып, келесі жылдың басында Қазақстанның проактивті экономикалық өсім бағдарламасын іске асыру жұмыстары басталады.

Ұқсас материалдар