KASE әйелдер басқаратын бизнеске капитал нарығына қолжетімділікті кеңейтуді ұсынды
Әйелдер кәсіпкерлігі экономиканың одан әрі өсу факторларының біріне айналуы мүмкін. Ал қор нарығының құралдары әйелдер басқаратын компаниялардың қаржы тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл туралы KASE-нің халықаралық ынтымақтастық және тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры Екатерина Андрюшина мәлімдеді.
Ол 23 қыркүйекте Алматыда «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының қолдауымен өткен гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі Жоғары деңгейдегі диалог барысында сөз сөйледі.
Екатерина Андрюшинаның айтуынша, қолдау тетіктерінің бірі Қазақстан қор биржасының серіктес ұйымдармен бірлескен бағдарламалары болуы мүмкін.
Олардың қатарында облигациялар бойынша сыйақы мөлшерлемесін және бағалы қағаздар шығарылымын дайындауға байланысты шығындардың бір бөлігін субсидиялау қарастырылған. Сонымен қатар қаржылық сауаттылықты арттырудан бастап KASE арқылы қаржы тартуға дейінгі білім беру және акселерациялық бағдарламаларды дамыту ұсынылады.
KASE-де 38 ESG шығарылымы тіркелген
Қазіргі таңда Қазақстан қор биржасында ESG-облигациялардың 38 шығарылымы тіркелген. Оларды орналастырудың жалпы көлемі шамамен 2,9 млрд долларды құрайды.
2026 жылдың сегіз айында KASE-де жалпы сомасы 900 млн доллардан асатын 11 жаңа ESG-облигациялар шығарылымы тіркелді.
KASE биржа инфрақұрылымын серіктес ұйымдардың сараптамасы мен қаржылық мүмкіндіктерімен ұштастыру әйелдер басқаратын бизнестің капитал нарығы құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді деп есептейді.
«Серіктес ұйымдардың қаржыландыруы мен сараптамасын KASE инфрақұрылымымен біріктіре отырып, әйелдер басқаратын компаниялардың көбірек санына капитал нарығының құралдарына қол жеткізуге көмектесе аламыз», — деді Екатерина Андрюшина.





