Бізге жазылыңыз:

Зейнетақы жүйесінің жаңа моделі шілдеде анықталуы мүмкін

Зейнетақы жүйесінің жаңа моделі шілдеде анықталуы мүмкін

Қазақстан Үкіметі зейнетақы жүйесін реформалаудың жаңа моделін шілде айында айқындауы мүмкін. Қазір мемлекеттік органдар жұмыс берушілер төлейтін міндетті зейнетақы жарналарын бөлуге қатысты екі түрлі тәсілді талқылап жатыр.

Бұл туралы Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, маусым айының соңына дейін жұмыс тобы Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Үкіметке ұсынылатын ортақ ұстанымды әзірлеуі тиіс.

Қарастырылып отырған нұсқалардың бірі – «4+1» моделі. Бұл жүйе бойынша жұмыс берушінің қосымша міндетті зейнетақы жарналарының 4%-ы қызметкердің жеке жинақтаушы зейнетақы шотына аударылса, қалған 1%-ы ортақ сақтандыру қорына бағытталады.

Ал балама модельді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынып отыр. Бұл нұсқа бойынша барлық қосымша жарналар ортақ қорға жинақталып, кейін белгіленген талаптарға сәйкес төлем алушылар арасында бөлінеді.

— Маусым айының соңына дейін қай жобаны таңдайтынымызды нақтылауымыз қажет. Шілде айының басында Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен ортақ ұстанымды Үкіметке енгіземіз, — деді министр.

Асқарбек Ертаев қазіргі таңда жұмыс берушілер міндетті зейнетақы жарналарын 3,5% мөлшерінде төлеп отырғанын еске салды. Болашақта бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен 5%-ға дейін ұлғайтылуы тиіс.

Министрдің айтуынша, өзі жеке «4+1» моделін қолдайды. Оның пікірінше, бұл нұсқа жинақтаушы және сақтандыру жүйелерінің артықшылықтарын біріктіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін реформаның түпкілікті моделін бекітіп қана қоймай, оны іске асыруға қажетті заңнамалық өзгерістерді әзірлеу жоспарланып отыр.

Алайда реформаны енгізу мерзімі әзірге белгісіз. Өзгерістер 2027 жылдан бастап күшіне ене ме, әлде кейінірек жүзеге асырыла ма — бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылданбаған.

Ұқсас материалдар