Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін реформалау аясында сингапурлық модельді талқылап жатыр. Бұл туралы министр Асқарбек Ертаев Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа ұсыныс келіп түскендіктен, келесі аптада дәл осы модель бойынша жеке талқылау өтеді.
«Сингапурлық модель де жинақтаушы қағидатқа негізделген. Азаматтар міндетті түрде зейнетақы жинағын қалыптастырады. Сонымен қатар бұл жүйеде жинақ қаражатын тұрғын үй сатып алуға пайдалану мүмкіндігі қарастырылған», – деді Асқарбек Ертаев.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта министрлік сарапшылардың қорытындысын күтіп отыр. Сараптамалық бағалау аяқталғаннан кейін барлық ұсыныстар жұмыс тобының қарауына ұсынылады.
«Біз ұсынылған модельдердің ішінен ең тиімді тетікті таңдап, соның негізінде зейнетақы жүйесін одан әрі дамытудың түпкілікті тәсілдерін қалыптастырамыз», – деді министр.
Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін реформалаудың екі негізгі нұсқасын қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.
Олардың бірі – «4+1» моделі. Бұл тәсіл бойынша жұмыс беруші төлейтін қосымша міндетті зейнетақы жарнасының 4%-ы қызметкердің жеке жинақтаушы зейнетақы шотына, ал 1%-ы ортақ сақтандыру қорына аударылады.
Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынған балама модельде қосымша жарналардың барлығы ортақ қорға жинақталып, кейін белгіленген талаптарға сәйкес төлем алуға құқығы бар азаматтар арасында бөлінеді.
Министрліктің мәліметінше, зейнетақы реформасының түпкілікті моделі барлық ұсыныстар мен сараптамалық қорытындыларды ескере отырып әзірленеді.





