Бізге жазылыңыз:

Тарифтер неге қымбаттайды: негізгі себептер аталды

Тарифтер неге қымбаттайды: негізгі себептер аталды

Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтерінің өзгеруі бірнеше негізгі факторға байланысты қалыптасады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, тарифтер ең алдымен инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар тауарлардың бағасы коммуналдық қызметтердің өзіндік құнына тікелей әсер етеді.

Атап айтқанда, жылумен жабдықтау тарифтері көмір бағасына тәуелді. Сондай-ақ мазут пен жанар-жағармай құнының өзгеруі де түпкі тұтынушы үшін тарифтердің өсуіне немесе төмендеуіне ықпал етеді.

Бұдан бөлек, тарифтерді қалыптастыру кезінде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялар мен сала қызметкерлерінің жалақысын арттыру шығындары ескеріледі.

Комитет мәліметінше, Ұлттық жоба аясында коммуналдық желілерді жаңарту үшін 6,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қаражат 86 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге бағытталады. Нәтижесінде коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету көзделген.

Сондай-ақ елдегі табиғи монополия субъектілерінің техникалық жағдайына да баға берілді. Қазіргі уақытта 62 кәсіпорын «қызыл аймақта» тұр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың сегізі «сары аймаққа» ауысқан.

Жалпы алғанда, бүгінде 58 субъект «сары аймақта», ал 98 субъект «жасыл аймақта» орналасқан. «Жасыл аймақтағы» кәсіпорындарда инфрақұрылымның тозу деңгейі 50%-дан төмен.

Ұқсас материалдар