Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізді. Түзетулер клиенттерді сәйкестендіру және жекелеген банк операцияларын бақылау талаптарын күшейтеді.
Негізгі өзгерістердің бірі резидент емес клиенттер мен e-Residency пайдаланушыларына қатысты. Банк шотын ашу немесе төлем картасын шығару кезінде банктер клиенттің биометриялық аутентификациясын жүргізуге тиіс.
Клиент сенімхат бойынша өкіл арқылы әрекет ететін жағдайларға да қосымша талаптар белгіленді. Кіріс немесе шығыс операцияларын жүргізер алдында банк биометриялық сәйкестендіруді жүргізуге тиіс.
Шотты қашықтан ашу, сондай-ақ клиенттің телефон нөмірін өзгерту кезінде Ұлттық банктің ЦОИД жүйесі арқылы биометрияны пайдалана отырып, екі факторлы сәйкестендіру көзделген.
Биометриялық сәйкестендіру жазбалары бес жыл сақталады
Өзгерістер биометриялық тексеру барысында алынған деректерді сақтау талаптарын да белгілейді. Банктер бейнесеанс жазбаларын немесе клиенттің бейнесін іскерлік қатынастар тоқтатылғаннан кейін кемінде бес жыл сақтауға тиіс.
ОД/ТҚ/ЖҚҚҚ операцияларына байланысты тәуекелі жоғары санатқа жататын немесе алаяқтыққа қатысты күдік бар резидент емес клиенттерге қатысты қосымша шаралар қарастырылған. Мұндай жағдайларда банктер күшейтілген тексеру рәсімдерін қолданып, операцияларға қосымша мониторинг жүргізеді.
Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк тәуекелдерін басқару кезінде ескерілетін құқыққа қайшы қызмет түрлерінің тізбесін нақтылады. Оған қаржы пирамидалары, сондай-ақ лицензиясы жоқ онлайн-казинолар мен букмекерлік кеңселердің пайдасына жасалатын төлемдер енгізілді.
Осылайша, жаңартылған талаптар қашықтан қызмет көрсету кезінде клиенттерді сәйкестендіру рәсімдерін де, тәуекелі жоғары операцияларды бақылауды да қамтиды.





