Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда астық алқаптарының 72,5%-ы жиналды

Қазақстанда астық алқаптарының 72,5%-ы жиналды

Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінде ауыл шаруашылығы өндірушілері 11,3 млн гектар, яғни астық дақылдары алқабының 72,5%-ын жинады. Орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерді құрап, жалпы астық түсімі 16,2 млн тоннаға жетті.

Егін жинау науқанының барысы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында қаралды. Жиында егін жинау қарқыны, шаруаларды техникамен, жанар-жағармаймен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, астық қоймалары мен көлік инфрақұрылымының дайындығы, сондай-ақ 2027 жылғы егіс науқанына тұқым қорын қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, 2026 жылы еліміздегі жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 15,6 млн гектарға дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егілген.

Бұдан бөлек, 1,5 млн гектар майлы дақылдар жиналды. Орташа өнімділік гектарына 9,7 центнер болған кезде 1,4 млн тонна майлы тұқым бастырылды. Сондай-ақ 2,7 млн тонна көкөніс, 1,9 млн тонна бақша дақылдары және 1,9 млн тонна картоп жиналды.

Жалпы егін жинау қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейге сай келеді.

Аграршыларға 664,4 млрд теңге бөлінді

Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қажетті қаржыландыру қамтамасыз етілді. Жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында шамамен 5,8 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 664,4 млрд теңге болатын қаржы берілді.

Жиналған астықтың сапасына да ерекше назар аударылды. Қоймаға қабылданған жұмсақ бидайдың 74%-ы үшінші сыныпқа жатады.

Отырыс қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин әкімдіктерге жаңа өнімді уақытылы қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды. Қажет болған жағдайда астық қоймалары тәулік бойы жұмыс істеуі тиіс.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на жаңа өнімді тасымалдау үшін вагондардың қажетті санын қамтамасыз етіп, астықты үздіксіз тасымалдауды ұйымдастыру тапсырылды.

Ұқсас материалдар