Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтардың ұзақ мерзімді теңгелік депозиттері 8,1%-ға өсті

Қазақстандықтардың ұзақ мерзімді теңгелік депозиттері 8,1%-ға өсті

Қазақстандықтардың банктердегі депозиттері бір жылда 15,9%-ға өсіп, 30,67 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде ұлттық валютадағы салымдар 25,1 трлн теңгені құрап, бір жылда 22,8%-ға артты. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының деректеріне негізделген Ranking.kz шолуда хабарлады.

2026 жылғы 1 қазанда депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі халықтың теңгедегі мерзімді және жинақ салымдары 22,68 трлн теңгеге жетті. Бір жылдағы өсім 25,1%-ды құрады.

Ал мерзімі бір жылдан асатын ұзақ мерзімді депозиттердің көлемі 8,64 трлн теңгеге жетіп, жыл ішінде 8,1%-ға өсті. Бұл теңгедегі мерзімді және жинақ салымдарының жалпы көлемінің 38,1%-ына тең.

Ұзақ мерзімді депозиттер көлемі бойынша «Отбасы банк» бірінші орында. Бір жылда банктегі мұндай салымдар 32,7%-ға өсіп, 3,38 трлн теңгеге жетті. Оның үлесіне елдегі ұзақ мерзімді теңгелік депозиттердің 39,1%-ы тиесілі.

Бұл көрсеткіш тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің ерекшелігімен байланысты. Жүйе бойынша азаматтар тұрғын үй қарызын алу үшін келісімшарт сомасының кемінде 50%-ын жинап, кемінде үш жыл қаражат жинақтауы керек. Қазіргі уақытта банктегі қолданыстағы депозиттер саны 4,33 млн-ға жеткен.

Ұзақ мерзімді депозиттердің өсуі бойынша екінші орынды ForteBank иеленді. Оның портфелі 4,2 есеге өсіп, 176,4 млрд теңгені құрады. Үшінші орында Freedom Bank орналасқан: өсім 73,3%, жалпы көлемі – 208,6 млрд теңге.

Үздік бестікке Home Credit Bank пен Bank RBK да енді. Олардың ұзақ мерзімді теңгелік депозиттері тиісінше 14,4 есе өсіп, 64,8 млрд теңгеге және 36,1%-ға артып, 110,9 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар қазақстандықтар қысқа мерзімді салымдарды да белсенді толықтырып жатыр. Олардың көлемі бір жылда 38,6%-ға өсіп, 14,04 трлн теңгені құрады. Бұл халықтың теңгедегі депозиттерінің 56%-ына тең.

Ал шетел валютасындағы салымдар керісінше қысқарған. Бір жылда олардың көлемі 8%-ға азайып, 5,45 трлн теңгеге түсті. Нәтижесінде валюталық депозиттердің халық салымдарындағы үлесі 22,5%-дан 17,9%-ға төмендеді.

Айта кетейік, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру жүйесі банк лицензиясынан айырылған жағдайда салымшылардың қаражатын қорғайды. Кепілдіктің ең жоғары мөлшері теңгедегі жинақ салымдары үшін 20 млн теңге, басқа теңгелік депозиттер үшін 10 млн теңге, ал шетел валютасындағы салымдар үшін 5 млн теңгенің баламасын құрайды.

Ұқсас материалдар