Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы Түркістан облысында орналасқан «Жібек жолы» және Өзбекстанның Ташкент облысындағы «Ғишт-Көпір» өткізу бекеттері жаңғыртудан кейін ресми түрде жұмысын бастады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңғырту нәтижесінде көлік қозғалысына арналған жолақтар саны төрттен алтыға дейін көбейді. Өткізу бекетінің өткізу қабілеті де айтарлықтай артты. Енді тәулігіне 17 мыңның орнына 70 мың жаяу жүргінші, 400-дің орнына 2 мың жеңіл автокөлік және 20-ның орнына 200 автобус өткізуге мүмкіндік бар.
Жоба аясында жалпы ауданы шамамен 10 мың шаршы метр болатын екі жолаушылар терминалы салынды. Оның бірі Қазақстанға кіретін азаматтарға, екіншісі елден шығатын жолаушыларға қызмет көрсетеді. Көліктерді тексеруге арналған аумақтың үстіне 6 мың шаршы метрлік ортақ шатыр орнатылды.
Терминалдар паспорттық бақылауға арналған 82 кабинамен және Q-gate автоматтандырылған паспорттық бақылау жүйесінің 20 құрылғысымен жабдықталған. Сонымен қатар рентген аппараттары, жолаушыларға арналған сканерлер, радиациялық бақылау құралдары және көліктерді тексеретін инспекциялық кешендер орнатылды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, цифрлық бақылау және қауіпсіздік жүйелері де енгізілген. 2024 жылы «Жібек жолы» бекеті арқылы 11 млн-нан астам адам өткен. Жөндеу жұмыстары кезінде жолаушылар басқа бағыттарды пайдалануға мәжбүр болып, көрші өткізу бекеттеріне түсетін жүктеме артқан.
Айта кетейік, Қазақстанның Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен шекарасындағы 10 автомобиль өткізу пункті жөнделіп, пайдалануға берілді. Биыл қаңтар-қазан айларында шекарадан өткен автокөліктер саны 23%-ға өсіп, 1,7 млн-ға жетті. Ал ел бойынша кедендік төлемдер мен салық түсімдері 4,3 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5%-ға артты.





