Бізге жазылыңыз:

Қазақстан фермерлері өнімін өткізу кезінде делдалдарға тәуелді

Қазақстан фермерлері өнімін өткізу кезінде делдалдарға тәуелді

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жүйесі әлі де көбіне делдалдар мен тікелей сатылымға сүйенеді. Өңдеу кәсіпорындары, қоймалар және көтерме-тарату орталықтарының жетіспеушілігі фермерлердің нарықтағы мүмкіндіктерін шектеп, өнімді көбіне делдалдарға сатуға мәжбүр етеді. Бұл туралы 2025 жылы 20 жыл ішінде алғаш рет өткізілген ауыл шаруашылығы санағының қорытындылары көрсетіп отыр.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өсімдік шаруашылығында өнімнің 30,6%-ы делдалдар арқылы, 38,4%-ы тікелей халыққа сатылған. Мал шаруашылығында бұл көрсеткіштер тиісінше 31% және 45,4%-ды құрады.

Ал ұйымдасқан өткізу арналарының үлесі айтарлықтай төмен. Ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы өсімдік шаруашылығы өнімдерінің небәрі 1,6%-ы, мал шаруашылығы өнімдерінің 1,2%-ы өткізілген. Экспорттың үлесі тиісінше 0,7% және 0,5% болды. Өңдеу кәсіпорындарына өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 13%-ы, ал мал шаруашылығы өнімдерінің тек 4,1%-ы жеткізілген.

Жекелеген өнім түрлері бойынша да жағдай күрделі. Мал мен құстың сойыс салмағындағы өнімінің 31,7%-ы делдалдарға сатылса, 46,2%-ы тікелей халыққа өткізілген. Сүттің 51,7%-ы тікелей сатылған, ал өңдеу кәсіпорындарына небәрі 7,8%-ы түскен.

Өңірлер арасында делдалдардың үлесі де әртүрлі. Мал шаруашылығы өнімдерін делдалдар арқылы өткізу бойынша Шымкент қаласы көш бастаған — 61,1%. Одан кейін Қарағанды облысы (48,5%), Павлодар облысы (42,5%), Жетісу облысы (41,3%) және Шығыс Қазақстан облысы (40,6%) орналасқан.

Негізгі мәселе — инфрақұрылымның тапшылығы. Сауалнамаға қатысқан шаруашылықтардың 71,9%-ы үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары 100 шақырым радиуста қолжетімсіз. Көтерме-тарату орталықтары 70,3% шаруашылыққа қолжетімсіз болып шыққан.

Әсіресе сақтау орындарының тапшылығы байқалады: жеміс қоймалары респонденттердің 74,4%-ында, көкөніс пен картоп қоймалары 72,4%-ында жоқ. Ал астық сақтау қоймаларына қол жеткізе алатын шаруашылықтардың үлесі небәрі 28,5%-ды құрады.

Өнімді өңдеу инфрақұрылымына қолжетімділік те төмен. Сүт өңдеу нысандары шаруашылықтардың 21,9%-ына, ет өңдеу кәсіпорындары 20,1%-ына, ал өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу нысандары 16,4%-ына ғана қолжетімді.

Мұндай жағдайда фермерлер өнімін ұзақ уақыт сақтап, нарықтағы қолайлы бағаны күте алмайды. Олар жиналған өнімді маусым кезінде, баға төмен болған кезеңде сатуға мәжбүр. Нәтижесінде қосымша табыстың едәуір бөлігі өндірушінің емес, делдалдардың еншісінде қалады.

Инфрақұрылым тапшылығын өтеу үшін шаруашылықтардың бір бөлігі қызмет түрлерін өз бетінше кеңейтіп жатыр. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының 22,7%-ы негізгі қызметінен бөлек, ауыл шаруашылығына қатысы жоқ бағыттармен де айналысады.

Олардың 18,2%-ы мал шаруашылығы өнімдерін, 5,5%-ы өсімдік шаруашылығы өнімдерін өздері өңдейді. Сонымен қатар 8,6%-ы саудамен, 4,2%-ы көлік қызметімен айналысады. Ал агротуризмді дамытып отырған шаруашылықтардың үлесі әзірге 1% ғана.

Санақ нәтижелері Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтумен қатар, өнімді сақтау, өңдеу және өткізу инфрақұрылымын дамыту қажеттігін көрсетеді. Бұл фермерлердің делдалдарға тәуелділігін азайтып, ауыл шаруашылығы өнімінің қосылған құнын ел ішінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар