Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда туристік қызметтер көлемі 11,4%-ға артты

Қазақстанда туристік қызметтер көлемі 11,4%-ға артты

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның туристік қызметтер нарығында оң динамика байқалды. Көрсетілген қызметтер көлемі 11,4%-ға өсті. Еліміздің курорттық аймақтарында 1 912 орналастыру орны жұмыс істеді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64 нысанға көп.

Қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарының жалпы сыйымдылығы 122,4 мың төсек-орынды құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 120,2 мың болған. Нөмірлік қор 1,9%-ға өсіп, 47,3 мың нөмірге жетті.

Орналастыру орындарының ең көбі Алматы тау кластерінде шоғырланған — 526 нысан. Одан кейін Жетісу облысындағы Алакөл курорттық аймағы — 226 нысан, Щучье-Бурабай аймағы — 216 және Абай облысындағы Алакөл курорттық аймағы — 206 нысан.

Келушілер саны бойынша да Алматы тау кластері көш бастады. 2026 жылдың алғашқы алты айында мұнда 1,2 млн-нан астам адамға қызмет көрсетілді. Бұл еліміздің курорттық аймақтарына келген туристердің жалпы санының шамамен 59,4%-ын құрайды. Көрсетілген қызметтер көлемі 57,1 млрд теңгеге жетті.

Сұранысқа ие туристік бағыттардың қатарында Щучье-Бурабай, Маңғыстау, Түркістан, Балқаш және Алтай курорттық аймақтары да бар.

Нөмірлік қордың басым бөлігі Алматы тау кластерінде орналасқан — 15,9 мың нөмір. Жетісу облысындағы Алакөл курорттық аймағында 5,7 мың, ал Абай облысындағы Алакөлде 5,4 мың нөмір тіркелген.

Нөмірлік қордың толтырылу деңгейі туристік бағыттарға қарай ерекшеленеді. Ең жоғары көрсеткіш Абай облысындағы Алакөлде — 40,1%, Алматы тау кластерінде — 39,7% және Катонқарағай курорттық аймағында — 37,6% болды.

Жалпы, 2026 жылғы қаңтар-маусым аралығында курорттық аймақтарда 1,58 млн нөмір сатылып, 2,79 млн төсек-тәулік ұсынылды. Бір төсек-тәуліктің орташа құны 18 627 теңгені құрады.

Ұқсас материалдар