Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда су құбыры мен кәріз желілерін жаңғыртуға 1,9 трлн теңге бағытталады

Қазақстанда су құбыры мен кәріз желілерін жаңғыртуға 1,9 трлн теңге бағытталады

14 қазанда POWER TRENDS форумы аясында «МЭКС ұлттық жобасы және электр энергетикасы саласын дамыту. Қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» тақырыбында панельдік сессия өтті. Қатысушылар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысын, отандық өндірісті дамытуды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруды және инженерлік желілерді жаңартуды талқылады.

Іс-шараға Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері Олжас Сапарбеков пен Дархан Мырзабаев, сондай-ақ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков қатысты.

Отандық өндірушілерге арналған мүмкіндіктер кеңейтіледі

Олжас Сапарбеков МЭКС ұлттық жобасы аясында отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын таныстырды.

Қазіргі уақытта мамандандырылған платформада материалдар мен жабдықтарға жалпы қажеттілігі 95,9 млрд теңгені құрайтын 88 жоба орналастырылған. Барлығы 2 118 тапсырыс қалыптастырылып, 1 088 баға ұсынысы түскен. Оның 688-і қабылданған.

Қазақстандық кәсіпорындардың қатысу аясын кеңейту үшін Отандық тауар өндірушілер тізілімімен және E-PSD жүйесімен интеграцияланған арнайы сатып алу модулі қарастырылған.

Алдағы уақытта өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, сатып алу рәсімдерін жетілдіруге және офтейк-келісімшарттар жасасуға басымдық беріледі.

Коммуналдық сала цифрландырылады

Вице-министр Дархан Мырзабаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландырудың негізгі бағыттарын, соның ішінде Smart Turmys және WaterTech платформаларын дамыту жоспарларын таныстырды.

Smart Turmys платформасы абоненттер мен нысандар, коммуналдық төлемдер және ресурстарды тұтыну туралы мәліметтерді бір жүйеге біріктіруге арналған. Сонымен қатар оны банктік қосымшалармен интеграциялау мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл тұрғындарға коммуналдық қызметтер бойынша есептелген төлемдер, ресурстарды тұтыну көлемі және есепке алу аспаптарын тексеру мерзімдері туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Ал WaterTech платформасы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін бақылауға бағытталған. Оның көмегімен су шығындарын, апаттылық деңгейін және инженерлік желілердің жай-күйін талдауға болады.

Цифрлық құралдарды пайдалану коммуналдық саланың ашықтығын арттырып, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын тиімді жоспарлауға ықпал етеді.

Су құбыры мен кәріз желілерін жаңартуға 1,9 трлн теңге тартылады

Бақытжан Жүнісбеков саланы дамыту шаралары аясында 9,5 мың шақырымнан астам сумен жабдықтау және су бұру желісі реконструкцияланып, кеңейтілгенін хабарлады.

Соған қарамастан, су құбыры желілерінің тозу деңгейі 38%-ды, ал кәріз желілерінің тозу деңгейі 54%-ды құрайды.

Инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту үшін 1,9 трлн теңге тарту жоспарланып отыр. Бұл қаражат 5 мың шақырым су құбыры мен 2,8 мың шақырым кәріз желісін жаңартуға, сондай-ақ 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салуға және реконструкциялауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта МЭКС порталында сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жалпы құны 340,2 млрд теңгені құрайтын 129 жоба орналастырылған.

Оның ішінде 123,3 млрд теңгелік 67 жоба бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, жеңімпаздар анықталған. Ал жалпы құны 111,2 млрд теңгені құрайтын 63 жоба бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалған.

Кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға да ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі таңда жобалау-іздестіру жұмыстарын қоса алғанда, іске асырудың әртүрлі кезеңінде 11 жоба бар.

2030 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуын 33%-ға, ал су бұру желілерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету көзделген.

Отандық кәсіпорындардың ынтымақтастығы нығаяды

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен бірлесіп, қазақстандық өндірушілер арасындағы кооперацияны дамыту және МЭКС ұлттық жобасы аясында отандық өнімдердің үлесін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл импорттық өнімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Форум аясында «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ төрағасының қатысуымен ынтымақтастық туралы алты келісімге қол қойылды.

Келісімдерге Qarmet АҚ, «ТЭМПО-Казахстан» ЖШС, Павлодар құбыр прокаты зауыты, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ, «Стальцинк» ЖШС, Қазақстан арматура-оқшаулағыш зауыты, DSO Partner ЖШС және «Кентау трансформатор зауыты» АҚ қатысты.

Қол қойылған келісімдер инфрақұрылымдық жобалардағы ел ішіндегі құндылық үлесін арттыруға, отандық өндірісті дамытуға және импорттық өнімдерге тәуелділікті төмендетуге бағытталған.

Дереккөз: Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Ұқсас материалдар