Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы қызметкерлердің кәсіптері мен лауазымдары бойынша жалақы көрсеткіштерін жариялады. Жыл сайынғы зерттеу 2026 жылғы сәуірде жүргізіліп, сол айды толық жұмыс істеген қызметкерлерді қамтыды. Есепке қосымша төлемдер, үстемеақылар, сыйлықақылар, салықтар мен зейнетақы аударымдары енгізілген.
Іріктемелі зерттеу нәтижесіне сәйкес, ұйымдар мен кәсіпорындардағы қызметкерлер саны 3,38 млн адамды құрады. Оның ішінде 48,1%-ы, яғни 1,63 млн адам — ерлер, ал 51,9%-ы немесе 1,75 млн адам — әйелдер.
Жалақы деңгейі қалай өзгерді?
2026 жылы жалақысы жоғары санаттарға ауысу үрдісі жалғасты.
Атап айтқанда, айлық жалақысы 100 мың теңгеге дейінгі қызметкерлердің үлесі 2025 жылғы 3,3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеді. Ал 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың үлесі 43%-дан 39,3%-ға азайды.
Сонымен қатар ай сайын 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 53,7%-дан 58,4%-ға дейін өсті. Бұл — 4,7 пайыздық тармаққа өсім.
Орташа айлық атаулы жалақы кәсіптердің тоғыз ірілендірілген тобының барлығында артты. Ең жоғары өсім өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сабақтас кәсіптердегі жұмысшылар арасында тіркеліп, 13,1%-ды құрады. Өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілердің жалақысы 10,4%-ға өсті.
Әртүрлі кәсіп өкілдері қанша жалақы алады?
Зерттеу деректеріне сәйкес, 2026 жылы ұйым басшыларының орташа айлық есептелген жалақысы 1,1 млн теңгеден асты.
Инженерлік-техникалық мамандардың жалақысы мынадай болды:
-
инженерлер — 702 мың теңге;
-
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлер — 645 мың теңге;
-
инженер-технологтер — 617 мың теңге;
-
инженер-энергетиктер — 615,1 мың теңге;
-
техниктер — 314,7 мың теңге.
Денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 491,4 мың теңгені құрады. Фармацевтер 347,7 мың теңге, фельдшерлер 313,6 мың теңге, ал медбикелер 264,6 мың теңге алған.
Басқа кәсіптер бойынша бухгалтерлердің орташа айлық жалақысы 398,6 мың теңгеге, автомобиль жүргізушілерінікі 328,1 мың теңгеге жетті. Аспаздар орта есеппен 192,6 мың теңге, күзетшілер 174,2 мың теңге жалақы алған.
Жалақы көрсеткіштері қалай есептеледі?
Еңбекақының құрылымы мен бөлінісі туралы деректер жыл сайын 2-Т «Еңбекақының құрылымы мен бөлінісі туралы есеп» статистикалық нысаны негізінде қалыптастырылады.
Зерттеуге есепті жылдың сәуір айын толық жұмыс істеген қызметкерлер енгізіледі. Осы айда жұмысқа қабылданған немесе жұмыстан босатылған қызметкерлер есепке алынбайды.
Сәуір айының таңдалуы маусымдық сыйлықақылар мен еңбек демалысына байланысты төлемдердің көрсеткіштерге ықпалын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл халықаралық ұсынымдарға сәйкес келеді.
Дереккөз: Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы.





