Астанада Орталық Азия елдері Интерполының Ұлттық орталық бюролары басшыларының кеңесі өтті. Халықаралық кездесу қауіпсіздікке төнетін өзекті қатерлерді талқылауға және құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналды.
Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан делегациялары, сондай-ақ Интерполдың Бас хатшылығының өкілдері қатысты.
Қатысушылар трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, халықаралық іздестіру, киберқауіптер мен қаржылық қылмыстарға қарсы күрес мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар жедел ақпарат алмасу және Интерполдың ақпараттық ресурстары мен деректер базасын тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударылды.
Қазақстан тарапы халықаралық полиция ұйымының мүмкіндіктерін іс жүзінде қолдану тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ кездесуге қатысушылар Орталық Азияға арналған өңірлік іс-қимыл жоспарын талқылады. Құжат құқық қорғау органдары арасындағы үйлестіруді күшейтуге және трансшекаралық қауіптерге қарсы күресте күш біріктіруге бағытталған.
Астанада өткен кездесу Қазақстанның құқық тәртібін қамтамасыз ету саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысып отырғанын көрсетеді.





