Бізге жазылыңыз:

ЕАЭО елдері агроөнеркәсіптік жобаларды бірлесіп қаржыландырады

ЕАЭО елдері агроөнеркәсіптік жобаларды бірлесіп қаржыландырады

Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесінің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы агроөнеркәсіптік кооперацияны дамыту, техникалық және кедендік реттеу, тауарларды таңбалау және ішкі нарықты қорғау мәселелері қаралды. Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарды.

АӨК жобаларына қаржылық қолдау

Отырыстағы маңызды шешімдердің бірі – ЕАЭО елдерінің агроөнеркәсіптік кешеніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыру туралы ереже жобасын мақұлдау болды.

Қолданыстағы өнеркәсіптік кооперацияны қолдау тетігіне ұқсас, жаңа механизм аясында кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді Одақ бюджеті есебінен субсидиялау көзделген. Қолдау алу үшін жобаға ЕАЭО-ға мүше кемінде үш мемлекеттің кәсіпорындары қатысуы керек. Субсидиялау мерзімі бес жылға дейін болады.

Механизм өндіріс орындарын құру мен жаңғыртуға, ауыл шаруашылығында селекциялық, цифрлық және технологиялық шешімдерді әзірлеу мен енгізуге бағытталған жобаларды қамтиды. Құжат Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына ұсынылады.

Сонымен қатар ЕАЭО аясында органикалық өнімді тану тәртібі туралы келісім жобасы мақұлданды. Ол органикалық өнімді өндіру мен сертификаттауға бірыңғай талаптар енгізуді, сәйкестік сертификаттарын өзара тануды және өнімді таңбалау талаптарын біріздендіруді көздейді.

Бұл келісім өзара саудадағы кедергілерді жойып, қазақстандық өндірушілердің органикалық өнімдерін Одақ елдерінің нарықтарына шығаруға мүмкіндік береді. Құжат қол қоюға қажетті мемлекетішілік рәсімдерді өткізу үшін ЕАЭО елдеріне жолданады.

Техникалық және кедендік реттеу

Отырыста Қазақстан тарапы әзірлеген «Синтетикалық жуғыш заттар мен тұрмыстық химия тауарларының қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламенті қабылданды. Құжат өнім қауіпсіздігіне, қауіптілік түрлері бойынша жіктеуге, ескерту таңбаларына және қауіпсіздік паспорттарын рәсімдеуге бірыңғай талаптар белгілейді. Регламент 2032 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Бизнеске арналған кедендік рәсімдерді жеңілдету мақсатында уәкілетті экономикалық операторлардың уақытша сақтау алаңдарында кеден органдарының рұқсатынсыз орындай алатын операциялар тізімі кеңейтілді. Оған тауарларды таңбалау, партияларға бөлу, жөнелтілімдерді қалыптастыру, сұрыптау, орау және қайта орау кіреді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтып, шығындарды қысқартуға және логистиканы жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ЕАЭО елдеріне тұрақты тұруға көшетін немесе шетелде ұзақ уақыт тұрған азаматтардың жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелу шарттары нақтыланды. Жеке пайдалануға жатпайтын тауарлар санаттарының тізімі де өзгертілді.

Ет өнімдерін таңбалау және жүк шиналарына қатысты шаралар

ЕАЭО елдері ет өнімдерінің жекелеген түрлерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөнінде уағдаласты. Тізімге шұжық өнімдері, ысталған, тұздалған және кептірілген ет өнімдері, сондай-ақ дайын ет тағамдарының кейбір түрлері енгізілді. Әр мемлекет таңбалауды өз аумағында енгізу мерзімі мен тәртібін дербес белгілейді.

Бұдан бөлек, Қытай, Вьетнам және Таиландтан әкелінетін жүк шиналарына қатысты демпингке қарсы шаралар талқыланды. Қазақстан белгілі бір көлемдегі жүк шиналарын демпингке қарсы бажсыз әкелу мүмкіндігін сақтауды, сондай-ақ отандық автокөлік өндірісі мен сатудан кейінгі қызмет көрсетуге арналған шиналарды баждан босатуды қолдайды.

Бұл мәселені одан әрі талқылау Еуразиялық үкіметаралық кеңес алаңында жалғасады.

Ұқсас материалдар