Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша микрокредит беру және лизинг тәртібіне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Тиісті түзетулер 2025 жылғы 16 маусымдағы №53 бұйрыққа енгізілмек.
Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлерге лизинг арқылы тек ауыл шаруашылығы техникасын ғана емес, кәсіпкерлік қызметке қажетті басқа да техника мен жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу жобаларын қаржыландырудың шекті көлемін қайта қарау көзделген. Ал өңдеу саласын дамытуға бағытталған жобаларға қаражат бөлудің кепілдендірілген үлесі сақталады.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 2026 жылғы 11 желтоқсанға дейін жалғасады.





