Қазақстанда пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге арналған аумақтар кеңейтілді
Қазақстанда қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау және өндіру үшін қолжетімді аумақтардың көлемі ұлғайтылды. Өзгерістер жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілді.
Жаңартылған бағдарламаға сәйкес, қатты пайдалы қазбаларды барлауға қосымша 327 мың шаршы шақырым аумақ ашылды. Нәтижесінде геологиялық барлау жүргізуге қолжетімді аумақтың жалпы көлемі 1,7 млн шаршы шақырымға жетті.
Сонымен қатар пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын анықтау үшін 103,6 мың шаршы шақырым аумақта 1:50 000 масштабындағы егжей-тегжейлі геологиялық түсірілім жүргізу жоспарланған.
Бағдарламада аукцион арқылы қатты пайдалы қазбаларды барлау құқығын беру үшін 26 учаске қарастырылған. Бұдан бөлек, бұрынғы жер қойнауын пайдалану келісімшарттары тоқтатылған, жалпы аумағы 14,6 мың шаршы шақырым жерлер де тізімге енгізілді.
Пайдалы қазбаларды өндіруге арналған учаскелер саны да артады. Аукционға 34 қатты пайдалы қазба және 269 кең таралған пайдалы қазба учаскесін шығару көзделген. Бұған дейін бағдарламаға енгізілген аумақтарды есептегенде, өндіруге ұсынылатын учаскелер саны ҚПҚ бойынша 119-ға, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша шамамен 1600-ге жетеді.
Ұлттық компанияларға да жеке аумақтар қарастырылған. Қатты пайдалы қазбаларды барлауға 800 шаршы шақырым жер және өндіруге арналған 3 учаске бекітілді.
Өзгерістер Қазақстанның минералдық-шикізат базасына қолжетімділікті кеңейтіп, инвесторларға жаңа геологиялық барлау және кейіннен өндіру жобаларын іске асыруға мүмкіндік береді.
Жаңа учаскелер бойынша барлауға өтінімдер қабылдау 2026 жылғы 11 қыркүйекке дейін жалғасады.





