Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір аптада төмендеді

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір аптада төмендеді

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша апталық дефляция тіркелді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, аталған кезеңде баға индексі 99,9% болды.

Бір апта ішінде жеті тауардың бағасы арзандады. Қызанақ 8,5%-ға, қияр 8,3%-ға, жұмыртқа 1,5%-ға, алма 1,1%-ға, жаңа, салқындатылған және мұздатылған балық 0,4%-ға, күнбағыс майы 0,2%-ға, ал айран 0,1%-ға арзандады. Күріш, нан және сүт бағасы өзгеріссіз қалып, индексі 100,0% болды.

Сонымен қатар, 21 тауар түрі бойынша бағаның аздаған өсуі байқалды. Қырыққабат 7,9%-ға, пияз бен картоп 1,9%-ға, қант 1,6%-ға қымбаттады. Қалған өнімдер бойынша өсім 1%-дан төмен болды.

Өңірлер бөлінісінде бағаның өсуі төрт өңірде тіркелді: Ақмола облысында 0,2%-ға, Атырау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 0,1%-ға. Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды және Жамбыл облыстарында баға индексі өзгерген жоқ. Ал 12 өңірде баға төмендеді. Ең үлкен төмендеу Қызылорда облысында (0,9%) байқалды.

Сауда және интеграция министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп бағаны бақылау жұмыстарын жалғастыруда. Жыл басынан бері өңірлік комиссиялардың 581 отырысы өткізілді, сауда үстемесін асырып жібергені үшін 2 434 әкімшілік қаулы шығарылды, 26,5 мыңнан астам тауар жеткізу тізбегі талданып, 3 816 ықтимал заңбұзушылық тәуекелі анықталды.

Ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында өнім жеткізу жалғасуда. «ҚТЖ-Экспресс» АҚ арқылы елге 28,9 мың тонна картоп, 8,6 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 200 тонна қырыққабат жеткізілді. Сонымен қатар қызанақ, қияр, жұмыртқа, күнбағыс майы және сиыр еті бағасын тұрақтандыру жөніндегі меморандумдар іске асырылып жатыр. Жыл басынан бері өндірушілер бағасымен өнім сатуға арналған 3 980-нен астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Ұқсас материалдар