Қазақстанда қолжетімді тұрғын үйге арналған мемлекеттік қолдау кеңейіп келеді
Қазақстанда азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жалғасуда. 2026 жылы 20,4 млн шаршы метр, шамамен 188 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 11,3 млн шаршы метрі немесе 105,9 мың пәтері сегіз айда пайдалануға берілді.
Азаматтарға жеңілдетілген ипотека, жалдамалы тұрғын үй, жалдау ақысын субсидиялау және тұрғын үй сертификаттары ұсынылады. Биыл «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша 6,2 мың несие, ал «Наурыз» бағдарламасы аясында 350 млрд теңгеге 11,9 мың несие берілді. Сонымен қатар 11,2 мың отбасы жалдау ақысын субсидиялау тетігімен қамтылды.
Жыл басынан бері азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілді. Ал сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігін сегіз айда 6,8 мыңнан астам отбасы пайдаланды.
Тұрғын үй саясатын іске асыруға «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» да қатысып, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді, өңірлік жобалар мен инженерлік инфрақұрылымды қаржыландыру тетіктерін дамытып келеді.
Сонымен қатар тұрғын үйді есепке алу және бөлу жүйесі жаңартылуда. 2025 жылғы мамырдан бастап бұл функциялар әкімдіктерден Отбасы банкке берілді. 2026 жылғы қыркүйектен ауылдық елді мекендерде жалдамалы тұрғын үйді бөлудің жаңа тәсілдері енгізіліп, отбасы құрамына қарай бөлмелер саны да ескеріледі.





