Астанада ҚР Көлік министрлігі мен SITA компаниясы мемлекеттік әуежайларды цифрландыру және биометриялық сәйкестендіру жүйелерін енгізу мәселелерін талқылады. Аудит нәтижесі бойынша 14 әуежайдағы жолаушыларға қызмет көрсету және багажды өңдеу жүйелерінің жабдықталу деңгейі орта есеппен небәрі 38%-ды құрады.
SITA компаниясы Азаматтық авиация комитетінің қолдауымен Қазақстандағы 14 мемлекеттік әуежайдың цифрлық дайындығына аудит жүргізді. Бағалау қорытындысы көптеген технологиялық процестердің әлі күнге дейін қолмен орындалатынын көрсетті. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету жылдамдығы мен операциялық тиімділікке әсер етеді.
Жұмыс кездесуі барысында әуежайларды заманауи цифрлық шешімдермен жабдықтау мәселелері қаралды. Атап айтқанда, жолаушыларды тіркеу, багажды өңдеу және есепке алу процестерін автоматтандыру, жолаушылар ағынын басқару, сондай-ақ биометриялық сәйкестендіру технологияларын енгізу жоспарлары талқыланды. Бұл шешімдер авиациялық қауіпсіздікті күшейтіп, ұшу алдындағы рәсімдерді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Кездесуде ерекше назар Астанада әуежайлардың цифрлық жүйелерін орталықтандырылған басқару орталығын құру бастамасына аударылды. Жаңа орталық негізгі процестерді нақты уақыт режимінде бақылап, үйлестіруге және жедел басқаруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар SITA компаниясының Зайсан, Кендірлі және Катонқарағайда салынып жатқан жаңа әуежайларды халықаралық стандарттарға сай цифрлық инфрақұрылыммен жабдықтау мүмкіндігі қарастырылды. Жобалар аясында тіркеу, багажды өңдеу, жолаушылар ағынын басқару, биометриялық сәйкестендіру және өзге де цифрлық сервистерді енгізу жоспарланып отыр.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстанның авиация саласын цифрландыру, авиациялық қауіпсіздікті арттыру және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
SITA – авиация саласына арналған цифрлық шешімдерді әзірлеу және енгізу бойынша әлемдік жетекші IT-компаниялардың бірі.





