Мұнай Қазақстанның сыртқы саудасындағы негізгі позициялардың бірі болып қала береді. Соңғы он жылда елден шығарылатын мұнайдың физикалық көлемі жалпы алғанда өскен, алайда экспорттан түсетін қаржы әлемдік бағаға байланысты айтарлықтай өзгеріп отырған.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы деректеріне сәйкес, 2015 жылы Қазақстан 63,6 млн тонна мұнай экспорттаса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 76,3 млн тоннаға жетті. Осылайша, он жылдағы өсім 20% болды. Бұл 2015 жылдан бергі ең жоғары деңгей.
Соңғы жылдары да экспорт көлемі артып отырған. Мәселен, 2022 жылы сыртқы нарыққа 65,2 млн тонна, 2024 жылы 71 млн тонна, ал 2025 жылы 76,3 млн тонна мұнай жөнелтілді. Бір жылдың ішінде өсім 7,4% болды.
Экспорт көлемі өскенімен, кіріс әрдайым артқан жоқ
Мұнай экспортының ақшалай көлемі физикалық көрсеткішке қарағанда әлдеқайда құбылмалы. 2015 жылы Қазақстан 26,8 млрд доллардың мұнайын экспорттаса, 2025 жылы көрсеткіш 40 млрд долларға жетті. Он жылдағы өсім 49,3% болды.
Ең жоғары нәтиже 2022 жылы тіркеліп, мұнай экспортының құны 46,9 млрд долларды құрады.
Бұл ретте көлем мен құнның динамикасы үнемі сәйкес келе бермейді. Мысалы, 2025 жылы мұнай экспортының тоннаж бойынша көлемі 7,4%-ға өскенімен, оның ақшалай құны 6,8%-ға төмендеді. Экспортталған бір тонна мұнайдың орташа есептік құны 2024 жылғы 604 доллардан 2025 жылы 524 долларға дейін азайды.
Яғни мұнайды көбірек сату автоматты түрде экспорттық түсімнің өсуін білдірмейді. Мұнда негізгі факторлардың бірі — әлемдік мұнай бағасы.
Мұнай экспортының барлығы бюджетке түспейді
Мұнай экспортының 40 млрд долларлық көлемін мемлекеттің тікелей кірісі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл — шетелге жеткізілген мұнайдың жалпы құны. Одан өндіру, тасымалдау, инвестициялық және басқа да шығындар өтеледі, ал қалған пайда мұнай жобаларына қатысушылар арасында бөлінеді.
Мемлекет мұнай секторынан түсетін қаражатты салықтар, жер қойнауын пайдаланушылардың арнайы төлемдері, мұнай-газ активтеріне қатысу және басқа да құралдар арқылы алады.
Бұл кірістердің едәуір бөлігі Ұлттық қорда жинақталады. Қор қаражатының бір бөлігі қаржылық резерв ретінде сақталса, тағы бір бөлігі бюджет тетіктері арқылы мемлекеттік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Мұндай қаражат тек ірі ұлттық жобаларға емес, жергілікті деңгейдегі инфрақұрылымға да жұмсалады. Мысалы, Қызылордада 2025 жылы Жезқазған тасжолы бойындағы 150 гектар аумақта инженерлік желілер мен қиыршықтасты жол салуға Ұлттық қордан 732,1 млн теңге бөлінді. Қаражат жыл соңына дейін толық игеріліп, жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланған.
Мұнай компаниялары өңірлерге тікелей инвестиция салады
Мұнай-газ секторының өңірлерге әсері тек салық пен бюджет трансферттерімен шектелмейді. Компаниялар келісімшарттық міндеттемелер, жергілікті атқарушы органдармен келісімдер және өздерінің әлеуметтік бағдарламалары аясында әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымға қаржы бөледі.
Мысалы, биыл мамыр айында «Теңізшевройл» Махамбет аудандық ауруханасына 660 млн теңге тұратын медициналық жабдықтар тапсырды. Жабдық шамамен 26 мың тұрғынға қызмет көрсетуге арналған. Жалпы 2026 жылдың алғашқы алты айында компания Атырау облысындағы 14 медициналық ұйымды шамамен 4 млрд теңгенің жабдықтарымен қамтамасыз етті. 2025 жылдың соңында өңірге тағы 25 жедел жәрдем көлігі берілді.
Ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі — «Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауыты. «ҚазМұнайГаз» жобаны 2025 жылы аяқтады. Нысанның тәуліктік қуаты 50 мың текше метр, құны 121,2 млрд теңге. Зауыт іске қосылғаннан кейін Маңғыстау облысының коммуналдық меншігіне өтеусіз берілді. Оның негізгі міндеті — Жаңаөзен мен жақын елді мекендерді сумен қамтамасыз ету.
Батыс Қазақстан облысында да мұнай-газ жобаларынан түсетін әлеуметтік әсер байқалады. 2025 жылы өңірде 18 әлеуметтік жоба іске қосылды. Қазтал ауданындағы Қоныс ауылында «Қарашағанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» салған 60 орындық мектеп ашылды.
Компания 1998 жылдан бері өңірде жалпы құны шамамен 902 млн доллар болатын 268 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан салған.
Қазақстан мұнайының негізгі сатып алушылары
Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі Еуропа нарығына бағытталады.
2025 жылғы қорытынды бойынша ең ірі сатып алушы Италия болды. Бұл елге 15,2 млрд долларға 28,9 млн тонна мұнай экспортталды. Италияның үлесіне Қазақстанның мұнай экспортының физикалық көлемінің 37,8%-ы, ал құндық көлемінің 38,1%-ы тиесілі.
Одан кейінгі орындарда:
-
Нидерланды — 10,6 млн тонна, 5,6 млрд доллар;
-
Франция — 5,6 млн тонна, 3 млрд доллар;
-
Румыния — 5,3 млн тонна, 2,6 млрд доллар;
-
Грекия — 4,3 млн тонна, 2,3 млрд доллар.
Осы бес елге Қазақстан мұнай экспортының физикалық және құндық көлемінің 70%-дан астамы тиесілі болды.
Басқа маңызды бағыттардың қатарында Қытай — 3,8 млн тонна (2 млрд доллар), Түркия — 2,9 млн тонна (1,5 млрд доллар), Германия — 2 млн тонна (1 млрд доллар), Сингапур — 1,8 млн тонна (763,2 млн доллар) және Оңтүстік Корея — 1,5 млн тонна (807 млн доллар) бар.
Қазақстан мұнайы қандай бағыттармен тасымалданады?
Экспорт географиясы мұнай тасымалының қолданыстағы инфрақұрылымымен тікелей байланысты.
Негізгі экспорттық арна — Каспий құбыр консорциумы (КҚК). 2025 жылы осы жүйе арқылы 64,8 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданды.
Сонымен қатар мұнай Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты арқылы да экспортталады. Бұл маршрут бойынша жеткізілім көлемі жылына шамамен 1,2 млн тонна деңгейінде. Әзербайжан тарапы қазақстандық мұнайды қабылдау мүмкіндігін жылына 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын екенін мәлімдеген.
2026 жылы мұнай экспорты қысқарды
2026 жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштер өткен жылғы рекордтық деңгейден төмен болды.
Қаңтар–маусым аралығында Қазақстан 33 млн тонна мұнай экспорттады. 2025 жылдың осы кезеңінде көлем 35,4 млн тонна болған. Демек, жеткізілімдер бір жылда 6,7%-ға қысқарды.
Экспорттың ақшалай көлемі де төмендеді, бірақ әлдеқайда аз қарқынмен: 19,5 млрд доллардан 18,8 млрд долларға дейін, яғни 3,6%-ға.
Соның нәтижесінде экспортталған мұнайдың бір тоннасының орташа есептік құны керісінше өсті — шамамен 550 доллардан 568 долларға дейін немесе 3,3%-ға.
Мұнайдың Қазақстанның жалпы экспортындағы үлесі де қысқарды. 2025 жылдың қаңтар–маусымында бұл көрсеткіш 52,9% болса, 2026 жылдың алғашқы жартысында 46,5%-ға түсті.
Сонымен бірге елдің жалпы экспорты 36,8 млрд доллардан 40,3 млрд долларға дейін өсті. Яғни мұнай жеткізілімдерінің қысқаруына қарамастан, Қазақстанның жиынтық экспорттық түсімі артқан.
Италия көшбасшылығын сақтап қалды
2026 жылдың қаңтар–маусымында да Қазақстан мұнайының ең ірі сатып алушысы Италия болды. Оған 6,8 млрд долларға 11,8 млн тонна мұнай жөнелтілді.
Одан кейін:
-
Нидерланды — 4,4 млн тонна, 2,5 млрд доллар;
-
Франция — 3,2 млн тонна, 1,9 млрд доллар;
-
Түркия — 2,1 млн тонна, 1,3 млрд доллар;
-
Грекия — 1,9 млн тонна, 1 млрд доллар.
Осы бес елге мұнай экспортының физикалық көлемінің 70,9%-ы, ал құндық көлемінің 71,8%-ы тиесілі болды.
Бұдан бөлек, Сингапурға 1,5 млн тонна, Румынияға 1,4 млн тонна, Испания мен Қытайға 1,2 млн тоннадан, Германияға 1 млн тонна мұнай экспортталды. Тағы 3,4 млн тонна мұнай басқа елдерге жөнелтіліп, оның жалпы құны 1,9 млрд долларды құрады.
Экспорттың қысқаруына өндіріс көлемі әсер етті
2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 45,7 млн тонна мұнай өндірілді.
Сонымен бірге шілде айында «Теңізшевройл» Теңіз кен орнын кеңейту жобасынан кейін нысанның жобалық қуатына шыққанын хабарлады. Кен орнында тәуліктік өндіріс шамамен 120 мың тоннаға жетті. Компания 2026 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемін 40 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Мұнай өндірісі мен экспорт көлеміне OPEC+ келісімдері де әсер етеді. 6 қыркүйекте Қазақстан қатысқан альянс отырысында қазан айында қыркүйекке белгіленген өндіріс деңгейін сақтау туралы шешім қабылданды. Қатысушылар бұрын жасалған келісімдерді орындауға бейілділігін растады. Келесі кездесу 4 қазанға жоспарланған.
Жалпы, Қазақстан үшін мұнай экспортының маңызы оның қанша тонна сатылғанымен немесе қанша доллар табыс әкелгенімен ғана өлшенбейді. Мұнайдан түсетін қаражаттың бір бөлігі Ұлттық қор арқылы жинақталып, бір бөлігі бюджет пен инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады. Ал мұнай-газ компаниялары өздері жұмыс істейтін өңірлерге әлеуметтік және инфрақұрылымдық инвестиция жасайды.
Сондықтан мұнай кірістерінің экономикалық әсері экспорттық статистикадан әлдеқайда кең: ол жолдар мен инженерлік желілерден бастап, сумен жабдықтау, медицина және білім беру нысандарына дейінгі жобалар арқылы ел ішіндегі нақты өзгерістерге айналады.
Дереккөз: ranking.kz





