Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдарды өңдеу бойынша әріптестікті дамытады

Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдарды өңдеу бойынша әріптестікті дамытады

Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдар саласындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. Ықтимал серіктестік бағыттары 12 қазанда Астанадағы Назарбаев Университетінде өткен Қазақстан–Бельгия семинарында қаралды. Жиынға екі елдің өнеркәсіп, ғылым және білім беру салаларының өкілдері қатысты.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, Қазақстан Еуропалық одақ аса маңызды деп таныған 34 минералдың 21 түрін жеткізу мүмкіндігіне ие. Елдің басымдығы – тек шикізат өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару.

2018 жылдан бері геологиялық зерттеулерге 67 млрд теңгеден астам қаржы бағытталып, 2 млн шаршы шақырымнан астам аумақ зерттелді. 2026 жылдың соңына қарай зерттелген аумақты 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сирек жер металдарын іздеу жұмыстары жүргізілген 11 алаңда игеруге әлеуеті бар 38 учаске анықталған.

Қазақстанда тантал, ниобий және бериллий өндірісі жолға қойылған. Сонымен қатар молибден мен рений өндіріледі. Ал жылына 15 тонна галлий шығаратын кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Болашақта аккумулятор материалдарын, арнайы қорытпаларды, жартылай өткізгіш материалдар мен тұрақты магниттер өндірісін дамытуға басымдық берілмек.

Олжас Сапарбековтің пікірінше, Қазақстан аса маңызды шикізатты өндіру мен дайын өнім шығарудың арасындағы өңдеу кезеңін қамтитын Midstream индустриясында халықаралық нарықта өз орнын қалыптастыра алады.

«Қазіргі әлеуетіміз бен мүмкіндіктерімізді ескерсек, Қазақстан аса маңызды шикізат саласында бастапқы өндіру мен түпкілікті өнім шығарудың арасындағы өңдеу буынына, яғни Midstream индустриясына маманданған ел ретінде әлемдік нарықта өзіндік орын ала алады», – деді вице-министр.

Сирек жер металдарын зерттеу орталығы құрылады

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Еуропалық одақ институттарының қатысуымен сирек жер металдарын зерттейтін өңірлік ғылыми орталық құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Еуропалық қайта құру және даму банкі жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қолдау көрсеткен.

Еуропалық комиссияның қолдауымен геохимиялық, төрелік сараптама және ғылыми-металлургиялық зертханалар кешенінің құрылысын 2027 жылы бастау, ал 2028 жылы іске қосу жоспарланған.

Бельгиямен ынтымақтастықтың төрт бағыты

Семинар барысында екі ел арасындағы серіктестіктің төрт негізгі бағыты ұсынылды. Олар – шикізатты өңдеу, металдарды бөлу және тазарту, инженерлік шешімдер мен жабдықтар, сондай-ақ логистика мен қаржыландыру.

Тараптар гидрометаллургияны дамыту, сирек жер металдарының оксидтерін бөлу, қайталама шикізатты қайта өңдеу және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту мүмкіндіктерін талқылады.

«Біз өңдеу өндірісін қажетті технологиялармен және кәсіби құзыреттермен бірге кезең-кезеңімен Қазақстанға көшіруді көздейтін ынтымақтастық үлгілерін талқылауға дайынбыз», – деді Олжас Сапарбеков.

Бұдан бөлек, Қазақстанда өндірілген дайын өнімді Еуропа нарығына жеткізу кезінде Антверпен портының логистикалық мүмкіндіктерін пайдалану мәселесі қаралды. Бірлескен жобаларды еуропалық қаржы құралдары және Қазақстандағы мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы қаржыландыру жолдары да талқыланды.

Семинарда Molymet және Lindian Kazakhstan компаниялары өз тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу қорытындысы бойынша жауапты серіктестері мен бастапқы техникалық қадамдары белгіленген нақты бірлескен жобалар тізбесін әзірлеу жоспарланып отыр.

Дереккөз: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Ұқсас материалдар