Бізге жазылыңыз:

Қазақстан банктерінің активтері 74,2 трлн теңгеден асты

Қазақстан банктерінің активтері 74,2 трлн теңгеден асты

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның банк жүйесінде 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Оның ішінде 10-ы – шетелдік банктердің еншілес ұйымдары, сондай-ақ мемлекетке толық тиесілі бір банк бар.

Ұлттық банк жариялаған мәліметке сәйкес, маусым айының қорытындысында банк секторының активтері 1,7%-ға өсіп, 74,2 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім – 4,9%. Негізгі өсім өтімді активтердің ұлғаюымен байланысты болды. Қазіргі таңда жоғары өтімді активтердің көлемі 21,9 трлн теңгені немесе сектор активтерінің шамамен 30%-ын құрайды.

Экономиканы несиелеу де оң динамика көрсетті. Екінші деңгейлі банктердің несие портфелі маусымда 1,6%-ға артып, 41,9 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде халыққа берілген қарыздар 25,8 трлн теңгеге дейін өсті. Тұтынушылық несиелер 17,3 трлн теңгеге, ипотекалық қарыздар 7,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Бизнеске берілген қарыздар көлемі де көбейді. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікке берілген несиелер 3,3%-ға өсіп, 7,8 трлн теңгені құрады. Маусым айында кәсіпкерлерге жалпы көлемі 2,2 трлн теңге болатын жаңа несиелер рәсімделіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,7%-ға жоғары болды.

Салалар бойынша ең жоғары өсім байланыс және ақпарат секторында тіркелді – бұл бағыттағы несие портфелі бір айда 39,8%-ға ұлғайған. Сонымен қатар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және жылжымайтын мүлік салаларында да оң өсім байқалды.

Маусым айында жаңа берілген несиелердің жалпы көлемі 4,1 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 18,7%-ға артты.

Депозиттік база да кеңейе түсті. Резиденттердің банктердегі депозиттері бір айда 4,6%-ға өсіп, 50,1 трлн теңгені құрады. Оның ішінде заңды тұлғалардың салымдары 22,1 трлн теңгеге, жеке тұлғалардың депозиттері 28 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Депозиттердің долларлану деңгейі 19,7%-ға дейін төмендеп, ұлттық валютадағы жинақтардың үлесі арта түсті.

Сонымен бірге банк жүйесінің капитал жеткіліктілігі жоғары деңгейде сақталуда. Меншікті капитал 11,2 трлн теңгеге жетіп, негізгі капитал жеткіліктілігі коэффициенті 19,7%, ал жалпы капитал жеткіліктілігі 20,5% болды. Бұл көрсеткіштер белгіленген нормативтерден едәуір жоғары.

Несие сапасы да жақсарған. 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің (NPL90+) үлесі несие портфелінің 4,1%-ына дейін төмендеді. Оның ішінде халық несиелеріндегі проблемалық қарыздар көлемі қысқарған.

Алайда банк секторының қаржылық нәтижесінде белгілі бір баяулау байқалды. 2026 жылдың алғашқы жартысында банктердің таза пайдасы 1,196 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,3%-ға азайды. Сондай-ақ активтердің табыстылығы (ROA) 3,7%-ға, капиталдың табыстылығы (ROE) 24,1%-ға дейін төмендеді.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Ұқсас материалдар