Қазақстанда дәнді және майлы дақылдарды топырақтағы ылғал тапшылығынан сақтандыру маусымы аяқталды. Маусым қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тәлімі жерлердегі 517,4 мың гектар егістікті сақтандырды.
Сақтандыру жағдайлары бойынша аграрийлерге 5,1 млрд теңге төлем жасалды.
Жалпы сақтандыру аясында 330 шарт жасалған. Сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі 3,4 млрд теңгені құрады. Оның 80%-ын мемлекет субсидиялады, ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты шығыны 687,6 млн теңге болды.
Осылайша, аграрийлердің сақтандыру сыйлықақысына жұмсаған әрбір 1 теңгесіне шамамен 7,5 теңгеден сақтандыру төлемі келді.
Қуаңшылық 10 өңірде тіркелді
Ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес, сақтандыру қорғанысы кезеңінде топырақтағы орташа, елеулі және қатты қуаңшылық 10 өңірде тіркелді. Олар: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қуаңшылық қаупі анықталған егістік алқаптардың жалпы аумағы 385,4 мың гектарды құрады.
Сақтандыру мерзімі өңірлердің климаттық ерекшеліктеріне қарай белгіленді. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысында сақтандыру кезеңі 2026 жылғы 15 наурыздан 15 маусымға дейін жалғасты.
Ал Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстарында сақтандыру мерзімі 15 мамырдан 15 қыркүйекке дейін белгіленді.
Сақтандыру вегетацияның бірнеше кезеңін қамтиды
Егістікті сақтандыру кезінде дақылдардың вегетация кезеңіндегі ылғал тапшылығын ескеруге мүмкіндік беретін екі және үш фазалы өнімдер қолданылды.
Сақтандыру жағдайлары бойынша төлемдер барлық көзделген фазалар үшін жүргізілді: дәнді дақылдар бойынша үш фазаға, майлы дақылдар бойынша екі фазаға.
Кейбір аграрийлер келесі егінді сақтандыруды маусым басталмай тұрып рәсімдеген. Сақтандырылған 517,4 мың гектардың 98,1 мың гектары 2025 жылғы желтоқсанда сақтандыру қорғанысына алынған.
Агросақтандыру цифрлық форматқа көшірілді
Сақтандырудың барлық процесі — өтінім беруден және шарт жасасудан бастап, сақтандыру төлемін алуға дейін — Kezekte.kz платформасында электронды форматта жүзеге асырылады.
Агросақтандыру операторы — Аграрлық несие корпорациясы. Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тәуекелдерін азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетігін іске асыруды қамтамасыз етеді.
Маусым қорытындысы өсімдік шаруашылығына климаттық тәуекелдердің әсерін көрсетіп қана қоймай, қолайсыз ауа райы жағдайында фермерлердің қаржылық шығындарын азайтудағы сақтандыру механизмінің маңызын да көрсетті.





