Бізге жазылыңыз:

Түркістанда 3,2 трлн теңгелік инвестициялық жобалар прокурорлық сүйемелдеуде

Түркістанда 3,2 трлн теңгелік инвестициялық жобалар прокурорлық сүйемелдеуде

Түркістанда инвесторлармен ашық кездесу өтіп, өңірдегі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою мәселелері талқыланды.

Жиынға ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров, мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.

Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, Президент Жарлығына сәйкес Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен функциялары беріліп, оның жұмыс органы ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды.

«Комитеттің негізгі мақсаты – инвестордың мәселесі туындағаннан кейін ғана әрекет ету емес, мүмкіндігінше оның алдын алу. Ал ең бастысы – инвестор өз құқығының қорғалатынына сенімді болуы тиіс», – деді ол.

3,2 трлн теңгелік жобалар бақылауда

Қазіргі уақытта Түркістан облысында прокурорлар жалпы құны 3,2 трлн теңге болатын 219 инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр. Оның ішінде 175 жоба Ұлттық инвестициялық пулға, 44 жоба өңірлік пулға енгізілген.

Жыл басынан бері жалпы құны 920 млрд теңге болатын 27 инвестордың құқығы қорғалды. Сонымен қатар 30 инвестициялық кейс шешімін тапты.

Прокурорлық бақылау нәтижесінде 25 заңсыз әкімшілік іс бойынша келісім беруден бас тартылып, инвесторларға қатысты 23 негізсіз тексеру тоқтатылды.

Инвесторларға кедергілер азайтылуда

Прокуратураның сүйемелдеу жұмысының нәтижесінде «Central Asia Aluminum Company» компаниясының 4,4 млрд теңгелік алюминий профильдерін өндіру жобасы іске қосылды. Жоба барысында кәсіпорынға қажетті табиғи газ көлемін алу мәселесі шешіліп, нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны құрылды.

Тағы бір мысал – «Қарқын Трейд» ЖШС-ның құны 10 млрд теңгеден асатын ет өңдеу зауыты. Прокурорлық сүзгі арқылы жобаның іске асуына кедергі келтіруі мүмкін шешімнің алдын алу мүмкін болды. Инвестор қажетті рұқсаттарды алып, құрылыс жұмыстарын бастады.

Өңірде инвесторлармен тікелей байланыс та күшейіп келеді. Invest Caravan 2026 акциясы аясында қала мен аудандарда инвесторлармен 29 кездесу ұйымдастырылған.

Биыл 370 млрд теңгелік жобалар қосылды

Бас прокуратура мәліметінше, бүгінде Қазақстан бойынша прокурорлар 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр.

Түркістан облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылдық жоспар төрт еседен астам орындалған. Ал 2026 жылы өңірдің инвестициялық пулына жалпы құны шамамен 370 млрд теңге болатын 67 жоба енгізілді.

Бас Прокурордың бірінші орынбасарының айтуынша, инвесторлардың мәселелерін жедел шешу жеке жобалардың ғана емес, жалпы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

«Инвестордың бір мәселесін шешу – бір жобаны сақтау. Ал жүйелі мәселені шешу – ондаған, жүздеген жобаның жолын ашу», – деді Жандос Өмірәлиев.

Ұқсас материалдар