Бізге жазылыңыз:

Орталық Азия мен Әзербайжан ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады

Орталық Азия мен Әзербайжан ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады

2026 жылғы 7 қазанда Түрікменбашы қаласында Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты.

Кездесуде қатысушылар Консультативтік кездесулер форматы аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасты.

Мұхтар Тілеуберді 2018 жылы алғашқы саммит өткеннен бері Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы өзара сенім мен жақындасуды нығайту бағытында елеулі жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Қазақстан СІМ басшысының айтуынша, мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында елдер арасындағы байланыстар жаңа сапалық деңгейге көтерілген. Консультативтік кездесулер сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді.

Кеңес қорытындысы бойынша министрлер 8 қазанда Түрікменбашы қаласында өтетін сегізінші Консультативтік кездесу барысында қол қою жоспарланған қорытынды құжаттардың жобаларын келісіп, жиынның күн тәртібін бекітті.

Ұқсас материалдар