Абай облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда өңірде жалпы белгіленген қуаты 159,7 МВт болатын 8 ЖЭК нысаны жұмыс істейді.
Олардың ішінде 7 жел электр станциясының жалпы қуаты 129,7 МВт, тағы бір күн электр станциясының қуаты 30 МВт.
Өңірдегі жел энергетикасының ең ірі жобасы — Аягөз ауданындағы қуаты 100 МВт «Абай-1» жел электр станциясы. Сонымен қатар облыста «Винд Чарск», «ВЭС-Чарск», «Чарск Ветер», DES Consulting, Ventum Energy және EastWindEnergy жел энергетикасы нысандары жұмыс істейді.
Күн энергетикасы Жарма ауданындағы қуаты 30 МВт «Жангиз Солар» электр станциясы арқылы ұсынылған.
Бұдан бөлек, Абай облысында жел және күн энергетикасы бойынша жаңа жобаларды іске асыру және пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өңірдің жаңартылатын энергия әлеуетін одан әрі пайдалануға мүмкіндік бермек.
Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Абай облысы бойынша аумақтық департаменті өз құзыреті шеңберінде электр энергетикасы саласындағы заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізеді.





