Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелеріне тоқталып, шағын және орта бизнесті дамыту экономиканың тұрақты өсуі мен халықты жұмыспен қамтудың маңызды тетігі екенін атап өтті.
Осыған байланысты мемлекеттік органдарға кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, әкімшілік және реттеушілік кедергілерді азайту, сондай-ақ бизнесті қолдаудың қолданыстағы құралдарын жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі жағдайда шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жаңа цифрлық шешімдерді енгізу және кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тетіктерін кеңейту маңызды.
«Шағын және орта бизнестің дамуы халықты жұмыспен қамтып, экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Бизнеске арналған мүмкіндіктерді кеңейту үшін жаңа цифрлық қолдау құралдарын жасау керек. Экспорттық әлеуеті бар жоғары технологиялық өнімдер шығаратын кәсіпорындарға басымдық берілуге тиіс. Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен, “Атамекен” ұлттық палатасымен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялық өнім шығаратын кәсіпорындарды қолдау арқылы отандық бизнестің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар қабылданатын шаралар кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырып, экономиканың әртараптануына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етуі тиіс.





