Бізге жазылыңыз:

Қазақстанға екінші Airbus A400M әскери-көлік ұшағы жеткізілді

Қазақстанға екінші Airbus A400M әскери-көлік ұшағы жеткізілді

2 қарашада Испаниядан Алматыға Қазақстан Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне арналған екінші Airbus A400M Atlas ауыр әскери-көлік ұшағы келді.

Екінші A400M ұшағы еліміздің әскери-көлік авиациясының әлеуетін арттырады. Ол қорғаныс міндеттерін орындаумен қатар, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, халықты эвакуациялауға және гуманитарлық көмек жеткізуге пайдаланылуы мүмкін.

Әскери-көлік авиациясы қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысуын қамтамасыз етуге де жұмылдырылады. Мұндай ұшақтардың болуы ұлттық бітімгерлік контингентті шетелге өз бетінше тасымалдау мүмкіндігін кеңейтеді.

Жаңа авиациялық техниканы пайдалануға қазақстандық экипаждар мен инженерлік-техникалық мамандар дайындалды. Олар Испанияның Севилья қаласындағы Airbus оқу орталығында теориялық және практикалық курстардан өтіп, ұшақты басқару, пайдалану және техникалық қызмет көрсету ерекшеліктерін меңгерді.

Airbus A400M әскери-көлік ұшағы Қазақстан, Түркия, Германия, Малайзия, Индонезия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Бельгия және Люксембургті қоса алғанда, 10 елдің қарулы күштерінде қолданылады.

Бұл әуе кемесі ауыр техниканы алыс қашықтыққа тасымалдауға және қысқа топырақты ұшу-қону жолақтарына қонуға қабілетті. Осы мүмкіндіктері Қазақстан Қарулы күштерінің жедел әрекет ету әлеуетін кеңейтеді.

Ұқсас материалдар