Қазақстан Үкіметі республикалық бюджет шығыстарын ұлғайту туралы ұсыныстар енгізу тәртібін өзгертті. Тиісті қаулыға 20 тамызда Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Енді министрліктер мен әкімдіктер қосымша қаржыландыру туралы өтініштерді белгіленген тәртіп пен мерзімдерді айналып өтіп, Президентке, Президент Әкімшілігіне немесе Үкіметке тікелей жолдай алмайды.
Мұндай ұсыныстарды алдымен Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігімен келісу қажет. Сонымен қатар өтінішке қаржылық-экономикалық есептер мен қажетті негіздемелік құжаттар қоса берілуі тиіс.
Ұсыныстарды енгізу мерзімі де нақтыланды. Бастамашылар ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Республикалық бюджет комиссиясы шешім қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде шығыстарды ұлғайту жөнінде ұсыныс бере алады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдарға бюджет заңнамасында көзделген міндеттерді іске асыру тетіктері мен құралдарын өзгерту жөніндегі ұсыныстарды да Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің келісімінсіз енгізуге тыйым салынады.
Барлық қажетті құжаттар толық ұсынылған жағдайда мұндай өтініштерді қарау мерзімі 15 жұмыс күніне дейін белгіленді.
Жаңа тәртіп бюджет шығыстарын түзету процесін жүйелеуге, қосымша қаржыландыру қажеттілігін алдын ала негіздеуге және мемлекеттік органдар тарапынан жоспардан тыс бюджет сұрауларының санын шектеуге бағытталған.





