eGov Business мобильді қосымшасында кәсіпкерлерге арналған «Жарғылық капиталдың үлесін сенімгерлік басқаруға беру» жаңа мемлекеттік қызметі қолжетімді болды.
Бұл қызмет меншік иесі өз үлесіне құқықты сақтай отырып, оны уақытша басқа тұлғаның сенімгерлік басқаруына берген жағдайда пайдаланылады. Барлық өзгерістер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде ресми түрде тіркеледі.
Қызметті алу үшін eGov Business қосымшасында авторизациядан өтіп, «Қызметтер санаттары» – «Құқықтық қатынастар» бөлімінен қажетті қызметті таңдап, заңды тұлғаның және тараптардың деректерін енгізіп, құжатты PDF форматында жүктеп, өтінімге электронды қол қою қажет.
«2026 жылдың бірінші жартыжылдығында eGov Business қосымшасында 107 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі тіркеліп, 1,4 млн-нан астам қызмет көрсетілді. Енді кәсіпкерлер жарғылық капиталдағы үлесті сенімгерлік басқаруға беру рәсімін смартфон арқылы бірнеше қадаммен рәсімдей алады», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Оразалимов.
Қызмет 3 жұмыс күніне дейін көрсетіледі және тегін ұсынылады. Өтінімнің мәртебесін eGov Business қосымшасындағы «Хабарламалар» – «Қызметтер тарихы» бөлімінен бақылауға болады.





