
Аталған 343 күннің ішінде бір шаршы метр баспананың орташа бағасы Астанада 42 долларға, өзге қалаларда 70 долларға, Қазақстанның қалған бөлігінде 58 долларға өскен. Ал Алматыдағы өсім мүлде жоғары - 153 доллар. Бекітілген сату-сатып алу келісімшарттарының мәліметі бойынша, бағдарлама басталғаннан кейін ел бойынша ауданы шағын жылжымайтын мүлікке сұраныс артқан.
«Бастаманың тиімділігін терең зерттеу керек»
- Біз сатып алу-сату мәмілелері бойынша мемлекеттік дерекқорды және уақыт бойынша алшақтық регрессиялау әдісін пайдалана отырып, бағдарламаның күшіне ену күніне қатысты 11 ай аралығындағы жылжымайтын мүлік бағасының динамикасын талдадық. Талдау нәтижесінде мемлекеттік интервенция Астанада жылжымайтын мүлік бағасының – 10%-ға, Алматыда 9%-ға, қалаларда 13%-ға және Қазақстанның қалған бөлігінде 14%-ға өсуіне себеп болғанын анықтадық. Біз алған нәтижелер зерттелетін аралықтың өзгерістеріне төзімді екенін көрсетеді. Біздің нәтижелеріміз аталған мемлекеттік бастаманың тиімділігін тереңірек зерттеу қажеттігін айғақтайды, - деп жазылған зерттеу қорытындысында.
Сонымен, талдау нәтижесі зейнетақы жинақтарын алу бағдарламасы Қазақстан бойынша бағаның орта есеппен 9-14%-ға өсуіне түрткі болғанын көрсеткен.
Ұлттық банк зерттеуінде аталған бағдарламаға әуел бастан скептикалық тұрғыда қараған кейбір сарапшылардың сынымен үндесетін тұстар бар.
- Зейнетақы жинақтарында жеткілікті шегінен асатын ақшасы бар азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуы жылжымайтын мүлiк құнын өсіріп, салдарынан қалған азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігі төмендеуі мүмкiн. Бұл жағдай болашақта мемлекеттiк қолдаудың неғұрлым теңгерімді тетіктерін әзiрлеу қажет екені туралы пiкiрталастарға негіз бола алады, - деп түйіндейді Ұлттық банк сарапшылары.
Айта кету керек, дәл осы сарындағы бағалаулар бұған дейін өзге зерттеулерде де айтылған.
Алайда Ұлттық банк зерттеу бұған дейінгі академиялық еңбектерде қолданылмаған деректер негізінде қорытынды жасағанымен ерекшеленеді. Нақты айтсақ, зерттеудің қорытындысы жылжымайтын мүлік нарығының мемлекеттік дерекқорынан алынған егжей-тегжейлі мәміле деректері негізінде жасалып отыр.