Бізге жазылыңыз:

Ұлттық қор бір тоқсанда $3,1 млрд-қа өсті: инвестициялық кіріс $2,92 млрд болды

Ұлттық қор бір тоқсанда $3,1 млрд-қа өсті: инвестициялық кіріс $2,92 млрд болды

Қазақстан Ұлттық қорының активтері екінші тоқсан қорытындысы бойынша айтарлықтай өсті. Ұлттық Банктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеде қордың валюталық активтері $65,5 млрд-қа жетіп, үш ай ішінде $3,1 млрд-қа артқан.

Бұл өсімнің маңызды бөлігі инвестициялық қызметтің нәтижесімен байланысты. Екінші тоқсанда Ұлттық қор активтерін басқарудан түскен инвестициялық кіріс $2,92 млрд болды.

Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемі мен инвестициялық кірісті тікелей теңестіруге болмайды. Қор көлеміне мұнай секторынан түсетін түсімдер, бюджетке берілетін трансферттер және басқа да операциялар әсер етеді. Дегенмен, бір тоқсан ішінде жинақталған капиталды басқарудан шамамен $3 млрд кіріс алынуы қор активтерінің ауқымын көрсетеді.

Ұлттық Банктің хабарлауынша, екінші тоқсанда инвестициялық нарықтағы жағдай қолайлы болды. Геосаяси шиеленіс бәсеңдеп, технологиялық сектор өсті, әлемдік қор нарықтары қалпына келді. Жаһандық облигациялар нарығында да қалыпты өсім байқалды. Сонымен қатар мұнай, алтын және басқа да шикізат тауарларының бағасы төмендеді.

Осылайша, шикізаттық экономика үшін қызықты жағдай қалыптасты: Ұлттық қор активтері шикізат нарықтарының бір бөлігі төмендеген кезеңде де өсті.

$65,5 млрд актив тиімді жұмыс істеуі керек

Ұлттық қордың көлемі ұлғайған сайын жинақталған капиталдан түсетін инвестициялық кірістің маңызы да арта түседі. $65,5 млрд актив көлемінде бірнеше пайыздық кірістің өзі миллиардтаған долларға айналады.

Бұл мәселе Ұлттық қор қаражатын Қазақстандағы ұзақмерзімді инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау жоспарлары аясында ерекше өзекті. Мұндай жобалар ел экономикасына және халықтың әл-ауқатына ұзақ мерзімді әсер беруі тиіс.

Сондықтан мұнда қосарлы міндет туындайды: ел ішінде пайдаланылатын қаражат ұзақмерзімді экономикалық қайтарым қалыптастыруы керек, ал инвестициялық портфельде қалатын активтер тұрақты кіріс әкелуді жалғастыруы қажет.

Осы тұрғыдан Ұлттық қордың тиімділігін тек оның активтерінің көлемі арқылы бағалау жеткіліксіз. Қор қаражатының қалай басқарылатыны және оның экономикаға қандай ұзақмерзімді нәтиже беретіні де маңызды.

Валюта нарығына қатысты өзгеріс

Ұлттық Банк басқармасы валюталық операцияларды жүргізу қағидаларына да өзгерістер енгізді. Олар заңды тұлғалардың қолма-қол ақшасыз шетел валютасын сатып алу тәртібіне қатысты.

Әзірге өзгерістердің нақты параметрлері толық ашылмағандықтан, олардың валюта нарығына ықпалы туралы нақты қорытынды жасауға ерте.

Бүгінде Ұлттық қор екі бағытта жұмыс істейді: оның бір бөлігі әлемдік нарықтарда инвестицияланып, кіріс әкелсе, екінші бөлігі Қазақстан ішіндегі стратегиялық жобаларға бағытталуда. Екі бағыт үшін де негізгі өлшем бірдей — ұзақмерзімді экономикалық қайтарым.

Ұқсас материалдар