
— Қазіргі уақытта іргелі факторлар теңгенің әлсіреуін болжауға негіз бермейді. Мұнай бағасы салыстырмалы түрде жоғары деңгейде сақталып тұр. Әлемдік нарықтарда АҚШ долларының дамыған және дамушы елдердің валюталарына қатысты әлсіреуі байқалады. Сыртқы күйзелістер жоқ. Осыған байланысты теңгенің қазіргі бағамы іргелі тұрғыдан төмен бағаланған деп есептеледі, — деді Молдабекова.
Сонымен қатар, бюджет шығындары мен импортқа төлемдер көлемі артқан. Ірі компаниялардың шетелдік биржаларда орналастырылған депозитарлық жазбалар бойынша дивидендтер төлеуі де теңге бағамына қосымша қысым көрсетеді, себебі бұл төлемдер шетел валютасына айырбастауды талап етеді. Сондай-ақ, жаз мезгілінде халықтың шетелдік сапарларға жиі шығуына байланысты валютаға деген сұраныс артады.
— Бұл процестердің жиынтығы қазіргі уақытта теңге бағамының маусымдық әлсіреуіне алып келіп отыр. Әдетте, мұндай ауытқулар қалыпты және қысқа мерзімді сипатқа ие, әрі нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың табиғи өзгерістерін көрсетеді. Спекулятивтік факторларға келсек, қазіргі уақытта олардың нарыққа ықпалы байқалмайды. Қатысушылар айырбастау бағамын өздері қалыптастырады, ал нарықта қысқа мерзімді факторлар басым болып отыр, — деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, Ұлттық банк қажет болған жағдайда алдын ала шаралар қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
— Егер алыпсатарлық операциялардың белгілері байқалса, Ұлттық банк нарықтағы шамадан тыс құбылмалылықтың алдын алу мақсатында валюта интервенцияларын жүргізуге дайын, — деді Ә. Молдабекова.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта халықаралық резервтер көлемі валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға толық жеткілікті.
— Ұлттық банк квазимемлекеттік сектор компаниялары тарапынан шетел валютасын қосымша сатуды қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруда. Жақын арада мұндай компаниялардың бірі шетелдік инвесторлардан алынған қарыз есебінен едәуір көлемде валюта сатуды жоспарлап отыр. Бұл валюта нарығындағы теңгерімділікке оң әсер етеді, — деп түйіндеді Әлия Молдабекова.