Бізге жазылыңыз:

Ұлттық Банк пен банктер экономиканы қаржыландырудың жаңа тетіктерін талқылады

Ұлттық Банк пен банктер экономиканы қаржыландырудың жаңа тетіктерін талқылады

Ұлттық Банкте екінші деңгейлі банктердің басшыларымен экономиканы қолдау және қаржы нарығын дамыту мәселелеріне арналған кездесу өтті. Жиынға Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, сондай-ақ мемлекеттік органдар, «Бәйтерек» холдингі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында капитал нарығын дамыту, корпоративтік банкроттық рәсімдерін жетілдіру, салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру және инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелері қаралды.

Ерекше назар «Бәйтерек» холдингі мен екінші деңгейлі банктер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге аударылды. Тараптар синдикатталған несие беру тетіктерін кеңейту және инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру жөнінде келісімге келді.

Сонымен қатар жоба кеңсесінің жұмысын жетілдіру және даму институттары мен банктер арасындағы функцияларды нақты бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осыған сәйкес, «Бәйтерек» холдингі құны 15 млрд теңгеден асатын ірі және стратегиялық жобаларды, сондай-ақ машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі және агроөнеркәсіп кешені бағытындағы инвестициялық бастамаларды қаржыландыруға басымдық береді. Бұл тетіктерді холдингтің Директорлар кеңесі шілде айының соңына дейін бекітеді.

Кездесуде сондай-ақ бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеу, облигациялар шығару, секьюритилендіру тетіктерін жетілдіру және заңды тұлғалардың қызметіндегі ашықтықты арттыру мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысында қатысушылар экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту және іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін Ұлттық Банк, Үкімет, ҚНРДА және екінші деңгейлі банктер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңызын атап өтті.

Ұқсас материалдар