Бізге жазылыңыз:

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетіп, жылдық 16,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Ұлттық Банктің мәліметінше, жылдық инфляция маусым айында 10,3%-ға дейін төмендеді (мамырда – 10,4%). Азық-түлік инфляциясы 10,7%-дан 10,4%-ға баяуласа, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,7% деңгейінде сақталды. Қызмет көрсету саласындағы инфляция 9%-ға дейін өсті.

Сонымен қатар маусым айындағы айлық инфляция 0,8%, ал базалық инфляцияның маусымдық факторлардан тазартылған бағасы 0,9% болды. Ұлттық Банк бұл көрсеткіштер дезинфляциялық үдерістің баяулағанын көрсетуі мүмкін екенін атап өтті.

«Қабылданған шешім жылдық инфляцияның төмендеу үрдісін ескереді және ақша-кредит шарттарының қатаңдық дәрежесін соған сай түзетуге мүмкіндік береді», – делінген Ұлттық Банктің хабарламасында.

Экономикадағы белсенділік те артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ЖІӨ 4,1%-ға, ал тау-кен өндірісін есептемегенде 5,3%-ға өсті. Инвестициялар көлемі 9,6%-ға, ал шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар 28,9%-ға артты.

Дегенмен Ұлттық Банк тәуекелдердің әлі де сақталып отырғанын ескертті. Олардың қатарында инфляциялық күтулердің жоғары болуы (13,4%), жанар-жағармай бағасының өсуі, коммуналдық қызмет тарифтері, ішкі сұраныстың күшеюі және сыртқы инфляциялық қысым бар.

Сондай-ақ Үкіметпен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп квазифискалдық ынталандырудың жаңа тәсілдері келісілгені айтылды. Қолдау негізінен 15 млрд теңгеден асатын ірі инвестициялық және стратегиялық жобаларға бағытталады.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 4 қыркүйекте сағат 12:00-де жарияланатынын хабарлады.

Ұқсас материалдар