Сонымен қатар, ол Астанада салынатын LRT-ны қаржыландыру мәселесі туралы да ойын бөлісті.
Соңғы кездері ел арасында баспана мен автокөлік құны түседі деген қауесет тарап жүр. Премьер-министрдің орынбасары бұғансенбейтінін айтты.
«Бұл жайында естіген жоқпын. Қазіргі уақытта бірдеңенің арзандауы қиын. Бұған күмәнмен қараймын. Қымбаттамағанына рахмет айту керек», – деп жауап берді Серік Жұманғарин.
Десе де ол үй мен көлік бағасы қымбаттамайды, оған ешқандай алғышарт жоқ деп санайды.
LRT-ға ақша қайдан алынадыЖұманғарин Астанадағы LRT-ның жаңа бағыттарын салуға қаржы қайдан алынатыны туралы да пікір білдірді.
«Әзірге жобаны көрмедім. Бұл жобаның қанша тұратыны туралы білмеймін. Бірақ бюджеттік және бюджеттік емес қаржы көздері бар. Жоба қымбат тұруы керек. Мұндай жобаны тек қана бюджеттен қаржыландыру қиын», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Оның ойынша, қаржыландыру аралас болады. Мұндай жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарыжақсы қабылдайды.
«Сондықтан қаржыландыруды халықаралық қаржы ұйымдары арқылы ұйымдастыруға болады. Жоба кредиттің пайызына төленетін ақшаны жабуға жеткілікті болса, мемлекет кепілдігімен ақырындап жабамыз», – деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, жоба Астананың орталығы мен іргелес жатқан Қосшы қаласы арасын жалғайды.





