ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжлісі арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің отырысында өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, соның ішінде туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан Өзбекстанмен ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол кезегінде мәдениет және білім беру салаларымен қатар туризм бағытындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды екенін айтты.
Тараптар өңірлік туризмді бірлесіп дамытуға ерекше назар аударды. 2026-2027 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары ортақ туристік кеңістік қалыптастыруға және шетелдік туристер ағынын арттыруға бағытталған.
Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизовтың айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияға келетін туристердің жартысынан көбін қабылдап отыр. Сонымен қатар трансшекаралық бағыттарға сұраныс артып келеді.