Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат цифрлық активтер саласын кешенді дамытуға, инвестициялар тартуға, ұлттық қаржы жүйесін нығайтуға және елдің цифрлық инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған.
Жарлық цифрлық активтер саласын дамытудың жаңа кезеңін айқындап, заңнамалық базаны қалыптастырудан жүйелі және инфрақұрылымдық жобаларды іс жүзінде іске асыруға көшуді көздейді.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, Үкіметке және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға цифрлық активтерді дәстүрлі қаржы жүйесіне ықпалдастыру бойынша бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыру тапсырылды. Қазіргі уақытта нақты іс-шаралар, іске асыру мерзімдері және жауапты мемлекеттік органдар көрсетілетін криптоиндустрияны дамытудың орта мерзімді жоспары әзірленуде.
Жоспар аясында стейблкоиндарды трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдарында пайдалану тетіктерін енгізу, цифрлық активтер қызметін көрсетуші провайдерлердің жұмысын кеңейту, сондай-ақ токендендірілген мемлекеттік облигацияларды шығару жобаларын іске қосу көзделген.
Сонымен қатар орталықтандырылмаған қаржы (DeFi) нарығын реттеу тәсілдері әзірленеді. Alatau City цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен (AIFC) өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылады.
Цифрлық майнинг саласында автономды генерация көздерінен алынатын энергия ресурстарын пайдалану басымдыққа ие болады. Бұл бағыт саланы ұлттық электр энергетикасы жүйесіне қосымша жүктеме түсірмей дамытуға мүмкіндік береді.
Жарлықта көзделген бастамалар 2026 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген цифрлық активтерді реттеудің кешенді нормативтік-құқықтық базасының заңды жалғасы саналады. Бұл құжат Орталық Азия өңіріндегі цифрлық активтер нарығын жүйелі түрде реттейтін алғашқы кешенді құқықтық негіз болды.





