Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтарға зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлері ұсынылады

Қазақстандықтарға зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлері ұсынылады

Қазақстанда азаматтардың болашақ зейнетақы кірісін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа жинақтаушы сақтандыру өнімдерін енгізу жоспарлануда. Бұл бастама Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасында қарастырылған.

Зейнетақы аннуитеті — сақтандыру компаниясы азаматтың жинақтары есебінен оған белгілі бір мерзімге немесе өмір бойы тұрақты төлем жасауға міндеттенетін сақтандыру өнімі. Бұл ретте ұзақ өмір сүру тәуекелін сақтандыру ұйымы өз мойнына алады.

Қазір Қазақстанда шұғыл, кейінге қалдырылған және бірлескен (ерлі-зайыптылық) зейнетақы аннуитеттері бар. Алдағы уақытта кепілдендірілген төлемдері бар стандартты өнімдермен қатар, инвестициялық құрамдас бөлігі бар жаңа нұсқаларды енгізу ұсынылып отыр.

Зейнетақы аннуитеттеріне сұраныс соңғы жылдары айтарлықтай артқан. 2026 жылдың басында олардың саны 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге, ал сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 3,5 есеге жуық өскен.

Жалпы, 2026 жылдың басында 164 294 зейнетақы аннуитеті шарты жасалған. Олардың бойынша сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі 1,168 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 53 826 кейінге қалдырылған аннуитет шартына 429,4 млрд теңге, ал 275 бірлескен аннуитет шартына 5,6 млрд теңге тиесілі.

Жаңа өнімдердің бірі unit-linked аннуитеті болады. Ол зейнетақы төлемдерін инвестициялық табыс алу мүмкіндігімен ұштастырады. Төлемдердің нәтижесі таңдалған инвестициялық портфельдің немесе нарықтық индекстің көрсеткіштеріне байланысты болады.

Сонымен қатар гибридті аннуитет енгізу ұсынылады. Бұл модельде қаражаттың бір бөлігі өмір бойы кепілдендірілген төлемдерге бағытталса, екінші бөлігі инвестицияланады. Осылайша азамат тұрақты зейнетақы кірісін сақтай отырып, инвестициялық табыс алу мүмкіндігіне ие болады.

Қолданыстағы кепілдендірілген зейнетақы аннуитеті негізгі өнім ретінде сақталады. Оның төлемдерін индекстеудің әртүрлі нұсқалары арқылы икемділігін арттыру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, азаматтарға зейнетақы жоспарларын таңдауға көмектесетін бірыңғай цифрлық сервис құру көзделуде. Платформа арқылы түрлі зейнетақы өнімдерін салыстыруға, болашақ төлемдердің болжамды көлемін есептеуге және жеке зейнетақы жоспарын қалыптастыруға болады.

Жаңа құралдар зейнетақы өнімдерін түсініктірек әрі қолжетімді етуге және азаматтардың ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Ұқсас материалдар