Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда ауызсумен қамту жұмыстары жеделдеді

Қазақстанда ауызсумен қамту жұмыстары жеделдеді

Қазақстанда халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар соңғы жылдары айтарлықтай күшейді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, топтық су құбырларын салу және жаңғырту жобаларының саны бірнеше есеге артқан.

2021–2023 жылдары Су шаруашылығы комитеті топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 6 жобаны аяқтаған. Ал 2024–2025 жылдары іске асырылған жобалар саны 18-ге жетті.

Жобалардың жүзеге асуы нәтижесінде 317 елді мекендегі 713 мың адамның сумен жабдықталуы жақсарды. Оның ішінде 71 ауылда тұратын 115 мың тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.

14 жоба жүзеге асырылып жатыр

Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастырып отыр. Қазір 145 елді мекенді қамтитын 14 жоба іске асырылуда.

Аталған жобалар аяқталған жағдайда шамамен 457,7 мың адам сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға мүмкіндік алады.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің айтуынша, министрлік құрылғаннан кейін елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету және топтық су құбырларын дамыту бойынша жұмыстар жеделдеген.

«Министрлік құрылғаннан кейін топтық су құбырларын салу және реконструкциялау, сондай-ақ елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету саласындағы мәселелерді шешу жұмыстары айтарлықтай жеделдетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр», – деді ол.

Ведомствоның мәліметінше, жаңа жобалар әсіресе ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың сапалы ауызсуға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Ұқсас материалдар