Қазақстан мен Финляндия Каспий экологиясы бойынша ынтымақтастықты күшейтеді
Қазақстан мен Финляндия экология, Каспий теңізін қорғау және орман ресурстарын қалпына келтіру бағыттарындағы бірлескен жұмысты кеңейтуді жоспарлап отыр.
Астанада Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі мен Финляндия Парламентінің депутаты Вилле Скиннари арасында кездесу өтіп, Қазақстан–Финляндия үкіметаралық комиссиясы аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Тараптар сондай-ақ Еуропалық Одақтың Global Gateway бағдарламасы аясында экологиялық жобаларды іске асыру перспективаларын қарастырды.
Кездесу барысында қазақстандық тарап финляндиялық Lamor Corporation компаниясының Каспий теңізінің экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған тұжырымдама жобасын қарастыруға дайын екенін білдірді.
Жоба аясында экологиялық мониторинг жүргізу, мұнай төгінділерінің салдарын жою және теңіз экожүйелерін қалпына келтіру мәселелеріне басымдық беріледі.
Қазақстан жобаны елдің жетекшілігімен, ал финляндиялық тараптың техникалық қолдауымен жүзеге асыру тәсілін қолдайды.





