Қазақстанның өткізу пункттерінде 2028 жылға дейін 198 Q-Gate терминалы орнатылады
Қазақстанда шекаралық бақылауды автоматтандыру жұмыстары жалғасуда. 2028 жылға дейін өткізу пункттерінде тағы 198 Q-Gate биометриялық терминалын орнату жоспарланған.
Қазір 54 Q-Gate терминалы жұмыс істейді. Олар Астана мен Алматы халықаралық әуежайларын қоса алғанда, 11 өткізу пунктінде қолданылады.
Жүйе жолаушыларды бет биометриясы мен паспорт деректері арқылы 15–50 секунд ішінде тексереді. Бұл стандартты бақылаудан шамамен 4–5 есе жылдам. Әзірлеушілердің мәліметінше, технология өткізу пункттерінің өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, қызметкерлер арқылы 200 жолаушысы бар рейсті тексеру шамамен 30 минутқа созылса, Q-Gate көмегімен бұл процесс 7 минутқа дейін қысқарады.
«Терминал азаматтардың 16 жасқа толғаннан бастап шекара қызметкерлеріне жүгінбей, мемлекеттік шекарадан автоматтандырылған түрде өтуіне мүмкіндік береді. Паспорт пен адамның биометриясын тексеру рәсімі 15 секундқа жуық уақыт алады. Бұл қолданыстағы инфрақұрылымды кеңейтпей-ақ өткізу қабілетін 6 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді «Kazdream Special Systems» ЖШС бас директоры Думан Сембаев.
Сонымен қатар шетел азаматтарын автоматтандырылған режимде қашықтан тексеруге арналған алгоритмдер әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, eGov арқылы паспорттың өзін көрсетпей, QR-код көмегімен өту мүмкіндігі пилоттық режимде сынақтан өткізіле бастады.





