Бізге жазылыңыз:

ХВҚ Қазақстан экономикасына қатысты тәуекелдерді атады

ХВҚ Қазақстан экономикасына қатысты тәуекелдерді атады

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) World Economic Outlook Update: Global Economy in Crosscurrents of War and Technology атты шілде айындағы жаңартылған баяндамасын жариялады. Құжатта әлемдік экономиканың даму болжамдары жаңартылып, жаһандық тәуекелдер мен олардың Қазақстан сияқты дамушы экономикаларға ықпалына баға берілген.

ХВҚ болжамынша, 2026 жылы әлемдік экономика 3,0%-ға, ал 2027 жылы 3,4%-ға өседі. Бұл сәуірдегі болжаммен салыстырғанда өзгеріссіз қалғанымен, сарапшылар экономикалық өсімнің құрылымы айтарлықтай өзгеріп жатқанын атап өтеді.

Баяндамада жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізіп жатқан елдердің артықшылыққа ие болып отырғаны айтылған. Сонымен қатар, әлемдік инфляцияның төмендеу қарқыны баяулап, 2026 жылы 4,7%-ға дейін өсіп, тек 2027 жылы 3,9%-ға дейін төмендеуі мүмкін екені көрсетілген.

ХВҚ пікірінше, жаһандық экономикаға негізгі қауіп төндіретін факторлардың қатарында геосаяси қақтығыстар, қаржы нарықтарындағы құбылмалылық және халықаралық саудадағы белгісіздік бар.

«Баяулау Таяу Шығыстағы соғыстың салдарымен байланысты, бірақ бұл әсер жасанды интеллект саласындағы жетістіктер мен оны енгізудің арқасында ішінара өтеліп отыр», — делінген ХВҚ-ның шілде айындағы баяндамасында.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезеңде елдердің экономикалық мүмкіндіктері олардың жасанды интеллект экожүйесіне қаншалықты кіріктірілгеніне және энергия ресурстарының импорты мен экспортына тәуелділігіне байланысты айқындала бастады. Чиптер мен жоғары технологиялық жабдық экспорттайтын елдер өсім көрсетіп жатқанда, технологиялық инфрақұрылымы әлсіз мемлекеттерде даму қарқыны баяулап келеді.

Қазақстанға қатысты бағалауда ХВҚ Еуразиялық даму банкіне (ЕАДБ) қарағанда анағұрлым сақ болжам ұсынады. Егер ЕАДБ алдағы үш жылда Қазақстан экономикасы жыл сайын 5,5% өседі деп күтсе, ХВҚ 2026 жылы ЖІӨ өсімі 4,6%, ал 2027 жылы 4,4% болады деп болжайды.

Сондай-ақ ұйым мұнай бағасының жоғары болуы оң әсер бергенімен, оның ықпалын жоғары инфляция, импорттың қымбаттауы және логистикалық тәуекелдер әлсіретуі мүмкін екенін атап өтті. ХВҚ базалық сценарийінде 2026 жылы Brent мұнайының орташа бағасы барреліне 89 доллар деңгейінде болжанған.

Осылайша, халықаралық ұйым әлемдік экономикадағы негізгі өзгерістер енді арзан өндіріс немесе шикізатпен ғана емес, технологиялық даму деңгейі мен экономиканың тұрақтылығымен айқындалатынын көрсетіп отыр.

Ұқсас материалдар