Астананың экономикалық көрсеткіштері, артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

Мұндай қорытындыны Oxford Economics халықаралық аналитикалық компаниясы құрастырған 2025 жылғы Әлем қалаларының жаһандық рейтингініңнегізінде жасауға болады. Қазақстанның астанасы мыңнан 276-шы орынға жайғасса, Алматы 258-ші орынды иеленді. Рейтингтің ішкі санаттарындағы көрсеткіштерге сүйенсек, Астана өмір сүру сапасы мен адами капитал сияқты көрсеткіштер бойынша еліміздің ең ірі оңтүстік мегаполисінен артта қалды. Экономиканың дамуы мен қоршаған орта жағдайы бойынша Алматыға қарағанда Қазақстанның бас қаласында көрсеткіштер жақсы болды. Жалпы, рейтинг авторлары екі қаланы да елдің басқа қалаларына қарағанда жақсы дамып келе жатқан, бірақ әлемдегі ең ірі мегаполистерден артта қалып жатқан аймақтық көшбасшылар санатына жатқызды.
Астананың Алматы қаласымен «бәсекелес» екені, бірақ көптеген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша Оңтүстік астанадан оза алмайтынын отандық статистиктер де растап отыр. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректері бойынша дәл осы негізгі оңтүстік мегаполис ҚР-дағы жалпы өңірлік өнім бойынша сөзсіз көшбасшы болып табылады. Елдегі ЖІӨ-дегі Алматының үлес салмағы өткен жылы 21,8%-ды, ақшалай баламамен 29,2 трлн теңгені құрады. Астанада екі есе аз — 15,5 трлн теңге. Астананың жалпы өңірлік өнімінің үлес салмағы жалпы республикалық көрсеткіште небәрі 11,5%-ды құрайды. Жан басына шаққанда ЖӨӨ көрсеткіші бойынша Астана тіпті алғашқы үштікке де кірмейді: Астана Атырау облысы, Алматы және Ұлытау облыстарынан кейін төртінші орында тұр.
Қазақстанның астанасы — елдегі ішкі көші-қон үшін ең сұранысқа ие қалалардың бірі. Қазақстандықтар Астанаға жақсы өмір, жалақысы жоғары жұмыс, мансаптық перспективалар іздеп көшіп келеді. Алайда, елорданы инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан осал ететін — дәл осы бақылаусыз урбанизация. Бұл — Президент пен қоғам тарапынан құрылыс, нөсер кәрізі, экология, қаланы сумен, жылумен, газбен жабдықтау және т. б. көптеген мәселелер үшін бірнеше рет сынға ұшыраған Астана әкімдігінің бірінші кезектегі міндеті және тікелей жауапкершілігі. (1, 2, 3)
Елордаға ішкі мигранттар желеу етіп баратын жалақыға келетін болсақ, Астанада ол шын мәнінде ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары — 538 мың теңге. Бұл биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы деректер. Атырау және Маңғыстау облыстары сияқты аймақтарда көбірек ақша табады: сәйкесінше 633,3 мың және 580,9 мың теңге. Бұл мұнай өндіретін аймақтардың экономикасының құрылымына байланысты. Астанада экономиканың негізін қызметтер құрайды (ЖӨӨ-нің 79,7%).
Елордадағы салалар бойынша ең жоғары жалақы қаржыгерлер мен сақтандырушылар арасында (1,2 млн теңге). Жалақы бойынша екінші орында — тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу санатындағы компаниялар (981,3 мың теңге). Бұл жерде біз сектордағы ірі кәсіпорындардың астаналық офистеріндегі қызметкерлер жайлы айтып отырмыз. Жалақы бойынша көшбасшылар үштігінде — ақпарат және байланыс саласы (824,6 мың теңге).