Оның айтуынша, екіншіден, банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін жаңа құралдар, яғни қалпына келтіру жоспарлары және реттеу жоспарлары енгізіледі. Бұл құжаттар банкті дағдарысты жағдайдан шығару және төлем қабілетсіздігін болдырмау бойынша жан-жақты шараларды айқындайды. Жоспарларды әзірлеу және жыл сайын жаңарту банктердің, сол сияқты реттеушінің де міндеті болады.
- Үшіншіден, банк төлемге қабілетсіз деп танылған жағдайда, оның қызмет етуін реттеу мен бағалаудың нақты рәсімі белгіленеді. Жүйелік емес банктер үшін банкті жаңа инвесторға сату, активтер мен міндеттемелерді, оның ішінде тұрақтандыру банкіне беру, сондай-ақ міндеттемелерді капиталға айырбастау құралдары көзделген. Бұдан басқа, жүйелік маңызы бар банктер үшін олардың міндеттемелері есебінен шығындарды игерудің жаңа тетігі көзделеді, - деді ол.
Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде бірінші кезекте акционерлік капитал есептен шығарылады. Яғни банк акционері банкке иелік етуді толығымен жоғалтады. Одан кейін аталған тетік аясында басқа кредиторлардың барлық міндеттемесі есептен шығарылады. Бұл шаралар қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру үшін әлі де жеткіліксіз болса, мемлекеттің капиталға кіру мәселесі қаралуы мүмкін.
- Бұл туралы шешімді Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес банктің қаржылық тұрақтылыққа әсерін, сондай-ақ халық пен бизнес салымдарының сақталу қажеттілігін ескере отырып қабылдайды. Мемлекеттің қатысуы уақытша, өтеулі және көлемі бойынша шектеулі болады. Банк акционерлері мен басшылығын ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру сияқты талаптар қойылады. Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады. Ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады. Мемлекетте шығындар туындаған жағдайда оларды өтеу банк саласы есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл әділ және тепе-тең жауапкершілік қағидатын көрсетеді. Оған сәйкес банк жүйесін тұрақтандыруға жұмсалатын шығыстар мемлекеттік бюджет пен салық төлеушілерге емес, нарыққа қатысушыларға жүктеледі, - деді ведомство басшысы.





