- Сондай-ақ жаңа банктердің, оның ішінде шетелдік банктердің нарыққа шығуын жеңілдететін шаралар қабылданды. Енді жаңа заңда біз банктердің лицензиялау жүйесін одан ары жеңілдетуді көріп отырмыз. Базалық лицензия енгізілмек. Осыған байланысты қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттыру шаралары несиелік мөлшерлемелерді төмендетуге әкеле ме? Тұтынушылық несиелер бойынша жылдық мөлшерлемені 35 пайызға дейін, ал ипотека бойынша 25 пайызға дейін төмендету мәселесін қарастыруды ойламайсыз ба?, - деп сұрады ол агенттік басшысынан.
Сауалға жауап берген Мәдина Әбілқасымова өткен жылы жылдық тиімді мөлшерлемелердің бәрі төмендетілгенін айтты.
- Кепілсіз тұтынушылық несие бойынша мөлшерлеме 56-дан 46 пайызға, ипотекалық несие бойынша мөлшерлеме 30-дан 25 пайызға, ал кепілді несиелер бойынша мөлшерлеме 40-тан 35 пайызға дейін төмендетілді. Биыл ипотекалық несие бойынша мөлшерлемені одан ары 20 пайызға дейін төмендеттік. Бірақ, қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді. Сол себепті банктердің көбі ипотекалық несиені тоқтатты. Сондықтан бұл норманы қолдануды 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтаттық. Оған дейін Ұлттық банкпен бірлесіп, жаңа әдістеме әзірлейміз. Жаңа әдістеме бастапқы жарнаның көлеміне байланысты болады және сараланған мөлшерлеме бекітіледі. Тұтынушылық несие бойынша тура сондай жұмыс істейміз. Қазір тұтынушылық несие бойынша орташа мөлшерлеме 35-36 пайыз көлемінде белгіленген. Біздің ойымызша, жаңа әдістеме әзірлегеннен кейін бәсекелестік болып, мөлшерлеме төмендеуі тиіс, - деді агенттік басшысы.





