Асан Дарбаев өз сөзінде ұйымдастырушыларға шақырғаны үшін алғысын білдіріп, орнықты даму және оның қағидаттарын ұлттық және өңірлік капитал нарығы стратегиясына интеграциялау мәселелерін талқылаудың маңыздылығын атап өтті. Ол пікірталас тәжірибе алмасудың және Қазақстан мен өңірдің қаржы секторын дамытудың бірлескен тәсілін әзірлеу үшін тиімді алаң болатынына сенім білдірді.
Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-нің нақты өсуі 6,3%. Бұл соңғы жылдардағы ең үздік көрсеткіштің бірі. Орта мерзімді мақсат — 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің 450 миллиард АҚШ долларына жету.
Қазақстан инвестициялық белсенділікті ынталандыру және ұлттық экономиканың тиімділігін арттыру шараларын іске асыруды жалғастыруда. Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және елдің Еуразияның жетекші транзиттік және инвестициялық хабы ретіндегі рөлін нығайтуға басымдық беріледі. Бүгінгі таңда стратегиялық маңызы бар Орта дәлізді қоса алғанда, 5 халықаралық теміржол және 8 автомобиль дәлізі іске қосылған.
Қазақстан сенімді және кредитке қабілетті әріптес мәртебесін растауда. Еліміз басты халықаралық S& P, Fitch және Moody’s секілді жетекші халықаралық агенттіктердің инвестициялық деңгейі рейтингіне ие. Бұл ретте S& P агенттігі жақында рейтинг бойынша болжамды «Позитивті» деңгейге көтерді, ал Moody’s өткен жылы рейтингті Baa1-ге көтерді.
Қазақстанда инвестициялық ахуалды қалыптастыру ашықтық пен тұрақтылық қағидаттарына негізделген. Инвесторлар үшін қолдаудың түрлі нысандары көзделген-инвестициялық келісімшарттар, салықтық және кедендік преференциялар, сондай-ақ 25 жылға дейінгі мерзімге заңнаманың тұрақтылығына кепілдік. Инвесторлармен өзара іс-қимыл «бірыңғай терезе"қағидаты бойынша әрекет ететін цифрлық инвестициялық платформа арқылы қамтамасыз етіледі.
Әкімшілік рәсімдерді жеңілдететін және жобаларды іске асыруды жеделдететін Инвестиция тарту жөніндегі кеңес (Инвестициялық штаб) маңызды рөл атқарады. Инвестициялық экожүйенің маңызды элементі ағылшын құқығының юрисдикциясы негізінде жұмыс істейтін және қатысушылардың ашықтығы мен құқығын қорғаудың жоғары стандартын ұсынатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы болып қала береді. Қазіргі уақытта АХҚО-да 80-нен астам елден 3500-ден астам компания тіркелген. Олардың жалпы инвестиция көлемі 14 млрд АҚШ долларынан асады.
Қазақстан халықаралық бизнес үшін тартымды алаң болып қала береді. Еліміздің негізгі әріптестерінің қатарына Chevron, ExxonMobil, Shell, GE Transportation, Hyundai, KIA, Coca-Cola, Danone, Carlsberg, Lactalis және т. б. қоса алғанда, мұнай-газ, машина жасау, көлік және тамақ саласындағы компаниялар кіреді.
Конференция барысында вице-министр жапондық Mitsubishi UFJ Financial Group (MUFG) банк және қаржы холдингінің өкілдерімен, сондай-ақ Morgan Stanley Investment Management (MSIM) өкілімен кездесулер өткізді.





