
Оның атап өтуінше, маңызды бағыттардың бірі — көлік инфрақұрылымын дамыту.
— Бірқатар ірі теміржол жобасы іске асырылып жатыр. «Достық — Мойынты» және «Алматы қаласының айналма жолы» жобалары аяқталу сатысында. Келесі жылы «Мойынты — Қызылжар», «Дарбаза — Мақтаарал» жобалары аяқталады. Ал 2027 жылы «Бақты — Аягөз» жобасы іске қосылады. Жыл соңына дейін 175 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр, — деді Роман Скляр.
Бірінші вице-премьердің айтуынша, әуе хабтарын дамыту және әуе жүктерін өңдеу көлемін арттыру мақсатында әуежай инфрақұрылымы жаңғыртылуда. Кедендік рәсімдер жеңілдетіліп, цифрлық шешімдер енгізіліп жатыр.
— Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежай құрылысы басталды. Автокөлік жолдары саласында 12 мың шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның 7 мың шақырымын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деді ол.