Бізге жазылыңыз:

729 қазақстандық әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартты

729 қазақстандық әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартты

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту сервисін іске қосылғаннан бері 729 азамат пайдаланған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, аталған азаматтар өздеріне тағайындалған әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тарту туралы шешім қабылдаған. Министрлік мұны әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдағы өзара ынтымақтастық қағидаттарының көрінісі деп бағалайды. Яғни, өзін және отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттік қолдаудан саналы түрде бас тартуды жөн көрген.

Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 36 түрлі әлеуметтік жәрдемақының 12-сі бойынша мемлекеттік қолдау көрсету тетіктері атаулылық қағидатына негізделеді. Көмек бірінші кезекте оған шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағытталады.

Қызметті қалай пайдалануға болады?

«Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» цифрлық сервисі eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Ол әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алушыларға мемлекеттік органдарға бармай-ақ, жекелеген қолдау түрлерінен бас тарту туралы электрондық өтініш беруге мүмкіндік береді.

Министрлік әлеуметтік төлемдерден бас тарту азаматтардың міндеті емес екенін ерекше атап өтті. Бұл — әр адамның өз еркімен қабылдайтын шешімі. Сервис негізінен материалдық жағдайы жоғары және ауқатты санатқа жататын, отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтарға арналған.

Егер адамның өмірлік жағдайы өзгерсе, ол тиісті мемлекеттік көмекті қайта тағайындау туралы өтініш бере алады. Мұндай өтініш қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.

Министрлік сервистің тек электрондық үкіметтің ресми платформаларында — eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді екенін ескертеді. Азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеу және тек ресми ақпарат көздеріне сену ұсынылады.

Ұқсас материалдар